САЙРАМ ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ ТАССАЙ БӨЛІМШЕСІ КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ҚАМТЫЛДЫ

694
2800-ден астам тұрғыны бар Тассайда көптен күткен қуаныш! 300-ге жуық үй табиғи газбен қамтылды.
Сайрам тұрғын алабының Тассай бөлімшесінде табиғи газ жүйелерінің құрылысы 2019 жылы толық аяқталған болатын. Газ құбырының ұзындығы –7,507 км. Бұған дейін абоненттеу жұмыстары жүргізіліп, бүгін құжаттары дайын болған үйлерге газ қосылды.
Игі шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары: Берік Бекжанов, Берік Оспанов, Фахриддин Қаратаев, Мұратәлі Қалмұратов пен қоғам белсенділері қатысты.
«Көріп тұрмыз, жолдар жөнделіп, лоток қойылыпты. Таза су да кірген екен, енді міне көгілдір отынға қол жетіп отыр. Қандай керемет! Шымкентіміз күннен күнге шырайланып, шалғай жатқан елді мекендердің сәні кіре бастаған. Игі істің артында қаншама еңбек жатыр. Пайдалануға берілген әрбір нысан игіліктеріңізге жарасын!»-деді халық қалаулылары. Өз кезегінде жергілікті халық та билік өкілдеріне алғысын жаудырды.
Жалпы Қаратау ауданына қарасты Тассай шағын ауданы ауыз сумен, мемлекеттік жүйедегі электр жарығымен толық қамтылған.
Бұдан бөлек, осы жылы Мұңайтпасов 1,2 көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұзындығы 2,5 шақырым, ені 6 метрді құрайтын 2 көшеге асфальтбетон қабаты төселді. Сонымен қатар аяқжол салынып, жол жиегіне суағарлар орнатылды.
Сонымен бірге, Шымкенттегі Әл-Фараби ауданына қарасты Бадам-195 орамға газ берілді. Салтанатты шараға бір топ халық қалаулылары: Берік Бекжанов, Берік Оспанов, Фахриддин Қаратаев пен Мұратәлі Қалмұратов сынды мәжілісмендер, БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.
Аталған орамда 800-ден астам үй қоныс тепкен. Нақты 4140 халық тұрады. Көгілдір отынға қол жеткізген халық енді көмір тасып, күл шығармайтын болдық деп, қуанып отыр.
-Көптен бергі арманымыз орындалды. Қыстың күні бүрсең қақпай, аяздарда тоңбайтын болдық,-деді ақжаулықты аналар.
Естеріңізде болса, шаһар басшысының тапсырмасына сай, Әл-Фараби ауданына қарасты Бадам -195 орамды газбен қамту үшін құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталған еді. Балтыр жалпы ұзындығы 19,9 шақырымды құрайтын ішкі газ жүйелері тартылып, жұмыстар 100 %-ға аяқталған. Құжаттары дайын болған тұрғындар газды үйді-үйлеріне кіргізіп алуда.