22 Дәстүрлі «Отырар таланттары» сегізінші рет өтті

2075
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласы аясында халық шығармашылығын дамыту, ел ішіндегі дарын иелерін анықтау, талантты жастарға қолдау көрсету мақсатында Отырар ауданында дәстүрлі  «Отырар таланттары» өнер байқауы өтті.
Он бес жыл бұрын бастау алып, сегізінші рет ұйымдастырылып отырған байқаудың негізін салған  мемлекет және қоғам қайраткері — Қуаныш Айтаханов.
Өнер бәйгесінің мақсаты — қазақ өнерін кеңінен насихаттау және халық шығармашылығын дамыта отырып, ел ішіндегі дарын иелерін анықтау, талантты жастарға қолдау көрсету.
Фестивальге аудандағы 13 ауыл округтерінен өнерпаздар қатысып, 14 жанр бойынша бақ сынады.
Алғашқы іріктеу кезеңіне 300-ден астам өнерпаз қатысса, олардың арасынан іріктеліп шыққан 100-ге жуық үміткер ақтық кезеңде өнер көрсетті.
-«Бүгіндері алты алаштың алдында есімдері құрметпен аталатын ұлт мәдениетінің жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков, мемлекеттік гимн авторларының бірі композитор Шәмші Қалдаяқов, тілші-ғалым Өмірзақ Айтбаев, ақиық ақын Мұхтар Шаханов, айтыстың ақтаңгерлері Тәушен, Әселхан апаларымыз, Бекарыс інілеріміз өскелең ұрпақ үлгі алатын тұлғалар. Осы тұлғалардың бәрінің кіндік қандары қасиетті Отырарда тамған. Бүгінгі байқауда жеңіп шыққан жүйріктердің ішінен алдағы уақытта ұлтымыздың өнері мен мәдениетін алға сүйреп, әлемге танытатын нағыз дарабоздар шығатындығына кәміл сенемін», — деді Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов.
Байқауға ҚР Мәдениет қайраткері, республикалық халықаралық байқаулардың жүлдегері әнші Жұбаныш Жексенұлы, төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншісі Оразалы Жаңабаев, этнодизайнер, академик ҚР суретшілер және дизайнерлер одағының мүшесі Кендебай Қарабдалов, ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Хадиша Шалабаева, елімізге танымал әнші-сазгер Берік Сексенбекұлы және Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің жайдарман тобының капитаны Өсер Бердібековтер қазылық етті.
Жүлдегерлер мен жеңімпаздар арнайы дайындалған дипломдар мен қаржылай сый-сияпаттарға ие болып, фестиваль соңы республикаға танымал өнер жұлдыздарының гала-концертіне ұласты.
Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі