Шымкентте дәрігер мен медбикеден пара алған бас дәрігер сотталды

1468

Шымкентте №11 қалалық емхананың бас дәрігеріне қатысты іске сот нүкте қойды.

Медициналық мекеме басшысы қоластындағы қызметкері арқылы бос жұмыс орнынын «саудаға» салған, деп хабарлайды Экспресс К.

Сот отырысында белгілі болғандай, бас дәрігер емхананың кадр жөніндегі инспекторы арқылы екі адамнан пара алған. 100 000 теңге ақша берген әйелді нефролог-дәрігер, ал 300 000 теңге берген келіншекті медбике етіп жұмысқа қабылдайтын болып келісілген.

Бас дәрігерге Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігінің 4-тармағымен (қызметтік өкілеттіктеріне кіретін және лауазымдық жағдайына байланысты бірнеше рет пара алу әрекеті), ал инспекторға Қылмыстық кодекстің 368-бабының 2-бөлігімен (бірнеше парақорлыққа делдал болу, яғни пара алушыға және пара берушiге олардың арасындағы пара алу және беру туралы келісімге қол жеткiзуге немесе оны iске асыруға ықпал ету) айып тағылды.

«Сотталушы Данияр Айтбаев Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігінің 4-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Екінші сотталушының да кінәсі дәлелденді. Ол да мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Параның 20 еселенген мөлшерінде айыппұл салынды», — деді Абай аудандық сотындағылар.