«Тұтқаны көтерген едім…». Мұғалім банктерге қалай 6,5 миллион теңге қарыз болды?

1066

Кеше түсте Алматы іргесіндегі Боралдай кентінің тұрғыны Қасымова Бибінұрдың телефоны безектеп қоя берді. Бұл қоңырауға жауап беру екі бірдей банкке 6,5 миллион теңгеге қарызға батырып, тақырға отырғызады деген ой оның басына мүлде кіріп те шықпаған еді. Сондықтан нөмірге де қарамай, тұтқаны көтере салған.  

Өзгелерге сабақ болуы үшін екеуара әңгімені егжей-тегжейлі беруді жөн көрдік.

Б.Қасымова

Әрмен қарай оқиға былай өрбиді: Тұтқаның арғы жағынан біреу Kaspi Bank-тің техникалық қолдау бөлімінен хабарласып тұрғанын айтып, өзін таныстырады.

«Сіздің атыңыздан үш өтінім түсті. Forte, Eurasian Bank және Kaspi Bank-тен кредит алуға өтінім бердіңіз бе?» – деп сұраған.

Ешқандай өтініш бермегенін естіген соң, «сан соғып, опық жеп қалмас үшін көмек қолын созуға дайын Қарлығаш атты кредит жөніндегі аға менеджерге қосатынын» айтқан. Тіпті, алаяқтарға алданбаудың жолдарын да егжей-тегжейлі баяндап та беріпті.

«Ойын ретінде растауды қажет ететін дүниелерді жіберсе, баспаңыздар. Онда алданып қаласыз. Тек қана Play market-тегі қажетті қосымшаларға сеніп, «қолдау» түймесін басыңыз. Түймені басу банкке ақшаны қайтару үшін керек», – деп сендірген.

Тұтқаның арғы жағындағы алаяқтар «бұрын соңды аталған банктердің клиенті болмаса да, жеке мәліметтерге қолжетімділік бар» екенін айтып сақтандырған.

«Бұған банк қызметкерлерінің де қатысы болуы мүмкін. Бүкіл жазбалар sms арқылы келеді. Соларды растап отырсаңыз болды», – деп сабырға шақырыпты.

Бибінұр солардың айтқанын екі етпеген. Бір кезде «кредитіңіз мақұлданды» деген хабарлама келгенде ғана көңіліне секем алған. «Бұл қалай?» деп сұраса: «Шетінен банкке аударып жатырмыз», – деген жауап алған.

«Бәрі сәтті өтті. Банкке қайтарылды. Сізге рахмет! Eurasian Bank бойынша екінші адам хабарласады. Алаяқ қызметкерді табуымыз керек», – деп сендірген.

Одан соң өзін Самұрат деп таныстырған адам: «Ұзақ операция жасалыпты, алаяқтар мұны пайдаланып кетуі ғажап емес. Мәліметтерді тез енгізіп тастайық», – деп асықтыра түсіпті.

Сол арада анасы қоңырау шалып қалған. Сүт пісірім уақыттан соң Бибінұр көңіліне күдік кіріп, әрі қарай қоңырау шалушылармен сөйлесуден бас тартыпты. Интернеттен байланыс орталықтарын тауып, хабарласуды ұйғарады. Байланыс орталықтары: «Кредит рәсімделгенін, ақшасы банкоматтардан алынғанын айтқан. Kaspi Bank қана бұғаттап үлгеріпті.

«Бүгін Forte, Eurasian Bank-ке бардым. Forte банктен 5 миллион, Eurasian Bank-тен 1,5 миллион теңге кредит алынған. Мұндай ақшаны төлейтін жағдайым жоқ. Жалақым жетпейді. Өзім аядай ғана екі бөлмелі үйде тұрамын. Жол апатына түсіп, 700 мың теңге кредит алған болатынмын. Әдетте, банктер адамның табысына қарай кредитті мақұлдаушы еді. Бірден осыншама соманы бере салғанын түсінбедім. Кредит тарихын неге қарамаған?», – деп сауал тастайды мұғалім.

Банк өкілдері алаяқтық мұндай жағдай болғанын, қазір де жапа шегіп келіп жатқан адамдар бар екенін айтқан. Ақша шетелге кетсе, ештеңе істей алмайтынын айтып, ескерту жасаған. Бибінұрдың мойнына кредит болып ілінген ақша Қарағанды, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында орналасқан банкоматтардан алыныпты.

«Бес миллион теңге алуға менің табысым жетпейді. Қалай кредит рәсімделген?» деген сауалыма Forte банктегілер қызметкерлердің қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Өздері анықтауға уәде берді», – дейді Бибінұр.

Алданған әйел қазір прокуратураның, Ұлттық банктің және полицияның табалдырығын тоздырып жүргенін айтты.