Есі жоқ байлар ертең өкпелемесін — Омархан Өксікбаев

979

«Қасіретті қаңтар» кезінде алаңға шыққандардың 90 пайызы елдің әлеуметтік мәселесін айтқан бейбіт халық. Мемлекет қайраткері, Парламент Мәжілісінің V және VI шақырылымының депутаты болған Омархан Өксікбаев осылай деді. Ғұмырын қаржы саласына арнаған қаржыгер ел экономикасының құлдырауына кімдер кінәлі екенін де айтты.

Экономиканың тұрақталуына қанша уақыт керек? Сыртқа кеткен байлықты елге қайтару мүмкін бе? «Қазақстан халқына» қорына құйылған ақша мақсатты жұмсала ма? Экспресс К тілшісі осы және өзге де сауалдардың жауабын мемлекет қайраткерінен сұрап көрген еді.

Экспресс К: Еліміздегі экономикалық саясаттағы қателік неде деп ойлайсыз?

Омархан Өксікбаев: Экономикамызда осы жылдары біраз өзгерістерге жататын дүниелер кешеуілдеп қалғаны бар. Біз мұнайдың төңірегінде шоғырландық та, экономиканың басқа бағытын дамытатын тұстарды назардан тыс қалдырып, көңіл бөлмедік десек те болады. Өзгертетін, жаңартатын дүниелердің барлығы уақытында істелінбей қалды. Соның барлығы әлеуметтік мәселелерге алып келді. Айтатын болсақ, экономикада диверсификация деген мәселе айтылып, қолға алынып та жүрді. Бірақ сол қағаз бетінде қалып, көбінесе декларативті болып, іс жүзінде жүзеге асуы кешеуілдеп қалды. Біз мұнайдың бағасына, шикізаттың өндірісіне ғана тәуелді болдық. Ал енді өзін өзі киіндіре алмаған, тамақтандыра алмаған мемлекеттің, әрине, әлеуметтік мәселесі жинақталып қалады. Халық, мемлекет өзін өзі өндірген дүниесімен қамтамасыз етіпегеннен кейін шетелге тәуелді болдық. Ал енді шетелден келген дүниенің құны екі есе артық болатыны белгілі. Сондықтан оның барлығы айналып келді де халықтың қалтасын қақты.

Экспресс К: Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнес өкілдерімен кездесу өткізіп, Үкімет жанынан отандық кәсіпкерлер кеңесін құру туралы айтты. Бұған не айтасыз?

Омархан Өксікбаев: Сол кездесуде Мемлекет басшысы қазақстандықтардың жартысының жалақысы 50 мың теңге деді. Жасыратыны жоқ, біз бір кездері қағаз жүзінде орташа жалақымыз 400-500 мың теңге деп те айтқанбыз. Ал енді қазір сол статистиканың өтіріктері шығып жатыр. Мен кезінде Парламентте жүргенде де, басқа да жиындарда мінберде тұрып «біз презентацияны қоюымыз керек, экономикамыз суреттер көрсететін вируталды экономика болып кетті» деп талай айтқанмын. Әдемілікті экранда көрсетуге керемет машықтанып алдық. Ал енді нақты іске келгенде ондай болмай шықты. Индустриалды-инновациялық дамыту деген мемлекеттік бағдарлама болды. Мыңнан астам кәсіпорын іске қосылды. Сол кезде Үкіметтің кей мүшелері 100, 200, 300 мыңға дейін жұмыс орны ашылды деп те жатты. Ал енді солар қазір қайда? Тұрақты жұмыс болмаған соң жастарымыздың сенімі жоғалып, болашағына күмәндана бастады. Бұл жағдайдың барлығы виртуалды экономиканы жасаған адамдардың кінәсі дер едім. Соны жасаған адамдардың кейбіреулері әлі де билікте жүр. Солар «мен кезінде қателестім» деп мойындап, орындарынан кетсе ғой шіркін. Беттері бармайды соны мойындауға. Шыны керек, қазір ойланатын кез келді. Кінәліні іздеп, айыптыны тауып отыруға уақыт жоқ. Экономиканы қалпына келтіретіндей жақсы реформа жасау керек. Бастысы бар потенциалымызды пайдаланып, тамақ, жеңіл өнеркәсіпті қалыпқа келтіруіміз қажет. Сол арқылы қаншама жұмыс орны ашылар еді. Қаншама халық өз болашағына сенімді болып, мемлекеттің өз потенциалы бар екенін көрген болар еді. Бізде ешкімге тәуелді болмай өмір сүре алатын мемлекетпіз, оған жағдайымыз бар. Алла тағала ата-бабамыздың қорғап қалған жерінде барлық байлықты беріп қойған. Соған ие болып, соны халқының өзінің нәпақасына, болашағына қызмет жасайтындай экономикамызға бетбұрыс жасау керек деп білемін. Осы мәселелерді қолға алып, халықтың көңіліне сенімділікті ұялататын болсақ, кездесуде Президент айтқан реформаға жалтақтамай, мемлекетіміз дамитынына кәміл сенемін.

Экспресс К: Дәл осы кездесуде Мемлекет басшысы бизнестің салықтық тазалығы туралы сөз етті. Біздің елде бұған сенуге бола ма?

Омархан Өксікбаев: Тек балтамен шауып тазарта алмаймыз. Бірінші сол көкесіне, тағы да басқа байланысына сеніп, алдау-арбау жолдарды іздеп жүрген бизнесмендерде елде баршылық. Бұл тек Қазақстан емес, барлық жерде бар дүние. Американың миллиардерлерінің өзі сонымен келген. Бұл жерде бір мәселе бар. Президенттің «Болды ғой тойдыңдар, енді дұрыс жолға түсіңдер, алдағанды қойыңдар» деп отырғаны дұрыс. Мемлекет өзіміздікі екенін біліп, экономикасының дұрыс қалыптасыуына, әлеуметтік мәселесінің шешілуіне ықпал жасаңдар деп ескерту айтты. Есі барлар сол ескертуден қорытынды жасайды деп ойлаймын. Ал естері жоқтарға «ертең өкпелемеңдер» деп те ескерту айтылды. Соның барлығынан дұрыс қорытынды жасалынатын шығар. Осы уақытқа дейін семірді, тойды, барлық жағдайы жасалды. Енді сол ақшаның барлығын асырып алысқа алып кеткенде сен бақыт табасың ба? Елден кеткендердің біразын білеміз. Бірақ сол жақта ол белді азамат боп жүргені шамалы. Қаншама ақшасы болғанымен олар сол елдердегі екінші сортты адам. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп атам қазақ бекер айтпаған. Енді кішкене болса елдің қамын ойлап, барымен бөлісетін болса, ертең халық олардың азаматтығын бағалайды. Төріне шығарады. Сол бар тапқанымен елден кетпей де талтаңдап жүре алады, ұялмай елдің бетіне қарай алады деген пікірдемін.

Экспресс К: Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның жарты байлығы 162 адамның қолында. Сыртқа кеткен байлықты елге қайтару мүмкін бе?

Омархан Өксікбаев: Мүмкін. Шын қолға алатын болсақ, оның бәрі мүмкін. Кейбір сарапшылар сыртқа кеткен байлық 200-300 миллиард долларға дейін деп отыр. Оны да анықтауға болады, бәрінің ізі бар. Жалпы қаржы деген із-түссіз кетпейді. Бүгінгі заманда бір теңге болса да ізі қалады. Біздің елде үлкен бір маңызды мәселе бар. Мемлекет басшысы оны ескереді деп ойлаймын. Қаржы барлау мәселелерін қолға аламыз деп отыр. Соның ішінде қаржының барлығы қайда шоғырланып жатқанын тапсақ, сонда біз сол қаржының барлығын мемлекетке қайтаруды талап ете аламыз. Ол бүкіл әлемде қолға алынып отырған іс. Кейбір мемлекеттер соны іске асырып, ұрланған байлықтарын елдеріне қайтарып жатыр. Байлығын сыртқа алып кеткендер елге әкеп жатса, құба-құп болар еді. Ертең олар елдің бетіне тік қарай алатындай жүзі ашық болады. Өз елін қанап, тонаған қарабет болып жүрмейді.

Экспресс К: «Қазақстан халқына» қоры құрылғанын білеміз. Қорға түскен ақша мақсатты жұмсалады дегенге сенесіз бе? Себебі оның қамқоршылық кеңес мүшелері қазірдің өзінде сынның астына қалып отыр.

Омархан Өксікбаев: Бұл Президенттің инициативасымен құрылған қор екені белгілі. Ол кісі қор қысылып отырған халыққа қолғабыс болады деп басты саясатын да айтты. Қордың негізгі көзі қалталылардың патриоттық сезіммен аударатын қаржысы болуы керек. Президентіміз өткенде Елбасының қамқорлығын пайдаланып, әлемдегі бай адамдармен теңескендер деді. Ол қандай қамқорлық екенін ел біліп отыр. Оның бәрі тексерілсе шығады ғой. Жарайды, сол кезде байыдың. Сен оның бәрін көрге өзіңмен бірге алып кетпейтінің анық. Енді халқыңмен бөліс. Ал енді қордағы сол қаржы ертең дұрыс жұмсалатындай жағдай жасау керек. Бұл жерде — ашықтық болуы қажет. Халық қорға қанша ақша түскенін және оның қайда жұмсалып жатқанын білуі керек.

«Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішевті жақсы білемін. Нағыз қаржыгер азамат, мен оған сенемін. Қолы таза адамдардың бірі деп білемін. Қордың қамқоршылық кеңес мүшелері әртүрлі саланың адамдары. Олар жай ғана бақылаушы ретінде бекітілгендер деп ойлаймын. Себебі олар қаржылық кеңес беретін адамдар емес, қаржы саласында сауаты жоқ. Бұл қордың ішкі аудиті, басқасы болады деген ойдамын. Онсыз болмайды.

Экспресс К: Қаңтар қасіретіне сұйытылған газ бағасының қымбаттауы себеп болғаны белгілі. Халық қайта митингке шықпас үшін Үкіметке қандай кеңес берер едіңіз?

Омархан Өксікбаев: Бас прокуратурадан бастап ұйқыдан оянып, бас-көзсіз жәбірлеп жатқандарға тоқтау жасасын. Иә, халық көшеге шықты. Жиырма мың адам шықса, соның 90 пайызы өзінің әлеуметтік көзқарасымен шықты деп ойлаймын. Қалғаны экстремист болған шығар, мародер, бүлікші басқасы бар. Сол айыптыларды ғана анықтап, заңнамалық нормаға сәйкес дұрыс жазалануы керек. Бірақ қанша жерден заңды бұзса да өлімші етіп сабап, таяққа жығуға ешкімнің қақысы жоқ. Мен ешкімді ақтағым келмейді. Ақиқаты сол. Жаппай тәртіпсіздік кезінде күштік құрылымдары да зардап шеккенін білеміз. Шейіт болғандары да бар, иманды болсын барлығы. Бірақ солар үшін өш алу емес, заңмен реттеу жолын таңдаған жөн. Кінәлі ме, заң аясында сотталып, тиісті жазасын алуы керек. Елімізде заң жұмыс істейтінін көрсетсек, тәртіп те болады. Халқымыз да заңға бағынады. Егер құқық қорғау органдарының өзі тәртіпсіздігін көрсетіп, шоқпарын оңды-солды сермейтін болса, онда халық тағы да ашуға мінеді.

Мен кешегідей қанды қаңтар енді қайталанбаса екен деп тілеймін. Құдай сондайдан сақтап, әлемге күлкі болмай, жастардың ертеңгі күніне сенімді ұялатсақ екен.

Экспресс К: Ереуілге шыққандардың көбі Елбасыға деген ренішін айтты. Қалай ойлайсыз, халықтың өкпесі орынды ма?

Омархан Өксікбаев: Қазақта «жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» деген сөз бар. Әрнәрсенің астары бар. Мен Елбасы халқына тікелей қиянат жасады демеймін. Бірақ ол кісінің айналасы, туыстарын халық көріп, біліп отыр. Біреулердің талтаңдап, бай мен кедей арасының алшақтап кеткені халықтың ашуын тудырды. Оған кім кінәлі? Халық басшының кінәсі деп санайды. Халық эмоцияға да салынған шығар. Таза болса, ол кісі тазалығын өзі айта жатар.

Экспресс К: Еңбек ғұмырыңызды қаржы саласына арнаған адам ретінде айтыңызшы, елдің экономикалық ахуалы тұрақталып, дамуы үшін бізге қанша уақыт қажет?

Омархан Өксікбаев: Ол тек бір адамға байланысты емес. Президент реформасынан соң экономика ертегідегідей әп-сәтте қалыпқа келе салады деп айтпаймын. Иә, қазіргі таңда мемлекетімізде қаржылық тапшылық бар. Әлеуметтік мәселені шешуге көбірек көңіл бөлдік те оның қаржылық көзін анықтаған жоқпыз, оның бәрін шешу үшін экономикалық мәселелерді реформа арқылы атқару керек. Сол тапқан ақшаны шашпай-төкпей, дұрыс бағытқа беріп, халықтың табыс, тұрақты жұмыс табуына бағытаттау керек. Қарапайым халыққа тұрақты жұмысы болса, ертеңгі күніне алаңдамайтын жағдай болса болды. Халық басқа артық сұрамайды. Соған бәріміз бірге қызмет етуіміз керек. Ел экономикасының дамуы Қазақстан халқының әр азаматының қолындағы іс дер едім. Ал егер сын көзбен сырттан қарап, «Тоқаев немесе Смаилов не істеді?» деп отырсақ, ешнәрсе де болмайды.

Экспресс К: Егер билік сізді қызметке шақырса, келісер ме едіңіз?

Омархан Өксікбаев: Мен қазірдің өзінде зейнетке шықтым деп бос жүрген адам емеспін. Қыздар педагогикалық университетінде кеңес төрағасымын. Аз да болса осындағыларға көмегімді берейін деп шапқылап жүрмін. Мен 45 жыл мемлекетке қызмет еттім. Соның 25 жылында саяси қызметте болдым. Өмірлік жолыма разымын. «Маған кресло бер» деп, мансап қуған адам емеспін. Егер менің білімім қажет болып, шақырып жатса, тәжірибемді, білімімді бөлісуге дайынмын. Құдайға шүкір, денсаулық бар.

Экспресс К: Сұхбатыңызға көп рахмет!