Шымкент: 7 айда кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс 30%-ға жуық төмендеген

743
Шымкент қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы және кәмелетке толмағандарға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында түнгі рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізуде.
Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде, ағымдағы жылдың 7 айында түнгі уақытта 22:00-ден кейін заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында жүрген 66 жасөспірім, 23:00-ден кейін заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде болған 2342 жасөспірім анықталған. Олардың ата-аналарына ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық хаттамалары толтырылды.
Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде, 2021 жылдың 7 ай қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар саны 30%-ға жуық төмендеген.
Осы орайда, Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері жасөспірімдерді түнгі уақытта назардан тыс қалдырмауларын сұранады.