«Нұрикамал» фильмін көргенде туған ойлар…

633

Осы күндері республика кинотеатрларында «Нұрикамал» фильмінің тұсаукесері өтіп, жалпы көрермендердің назарына ұсынылуда. Қазақстан режиссерлерінің жаңа туындыларын үлкен экраннан көруге қашанда үлкен қызығушылық танытатыным бар еді.

Осы жолы да жаңа фильмнің жарнамасын көріп, алғашқылардың бірі болып көріп шықтық. Бұл фильмді көруге айрықша қызыққанымның тағы бір себебі — фильмнің басты кейіпкері Нұрикамал Сейітжанқызымен көп жылдар бойы Торғай облыстық партия комитетінің аппаратында бірге қызмет жасағаным және соған байланысты ол кісіні жақсы білетінім.

Шынымды айтсам, фильмді көріп шыққанда қарама-қайшылықты сезімде болдым.

Ұнамды жағын айтсам: Біріншіден – фильм жақсы түсірілген, табиғаты әсем жерлерде, музыкамен көркемдеуі, түсірілу сапасы бәрі жақсы. Екіншіден – фильмнің басты кейіпкерлері Ханбибі мен Тұрдықылыш ролдері өте жақсы сомдалған, әсіресе Ханбибінің ролін ойнаған актрисаның ойыны аса шынайы шыққан. Үшіншіден – фильмге арқау болған негізгі сюжет өмірде қалай болған, сол күйінде алыныпты. Барлық кейіпкерлердің аты-жөнін өзгертпей сол күйінде алынуы да сәтті шыққан автор шешімі деуге болады..

Енді фильмнің өзіме ұнамаған жерлеріне келсем: Ол негізінен Нұрикамалдың роліне байланысты. Ең бастысы, ол кісінің ролін сомдаған актриса, біріншіден жас жағынан кейіпкерге сәйкес келмейді. Фильмге арқау болған оқиға кезінде Нұрикамал Сейітжанқызының жасы қырықтарда болатын. Рольді ойнаған актриса маған өте жас көрінді. Мүмкін соған байланысты болар, актриса өзі ойнаған кейіпкердің образына кіре алмапты, оның жан-дүниесін жете түсіне алмаған сияқты. Мүмкін фильмнің сценариі солай жазылған шығар. Фильмде негізінен басты назар Тұрдықылыш пен Ханбибіге аударылып, Нұрикамал ролі сәл көлеңкеде қалып қойған секілді. Сонымен қатар, фильмнің кейбір жерлерінде Нұрикамалды жеңілтек мінезді етіп көрсеткендей әсер қалдырды. Мүмкін мен қателесермін, бірақ маған солай көрінді. Мысалы, алғаш рет Тұрдықылыш пен Нұрикамал кездесуінде қанша халықтың, әсіресе Ханбибінің көзінше елден бөлектеніп, оңашаланып кетуі, көңілге қонымсыз әсер қалдырады. Мен білетін Нұрикамал Сейітжанқызы ешқашанда ондай қадамға бармауы тиіс. Фильмдегі тағы бір көңілге қонымсыз жер, ол Есентай ролі. Бұл меніңше фильмнің сюжетін қоюлату мақсатында сценарист пен режиссердің ойдан шығарған кейіпкері. Бірақ мен тағы да айтайын, Нұрикамал Сейітжанқызының төңірегінде ондай адам болған емес. Арқалықтан Шымкентке қызмет ауыстырып барған адамдамдардың арасында да ондай адам жоқ. Әрине фильм көркем шығарма жанрына жатады, сондықтан авторлар өздерінің шабыт қиялдары жеткенінше болған оқиғадан алшақтауы мүмкін. Бүгінгі күні Нұрикамал Сейітжанқызы арамызда жоқ. Бірақ өзі жоқтың көзі жоқ деген қағиданы ұстанып ол кісінің өткен өміріне қандай да бір көлеңке түсіру дұрыс емес деп ойлаймын.

Нұрикамал Сейітжанқызы туралы аздаған ақпарат беретін болсам: Ол кісі қазағынан гөрі орысы басым Торғай облысы, Державин ауданының Братолюбовка совхозында туып өскен. Соған қарамастан ол кісінің жан-дүниесі қазақи, адами қасиеті жағынан аузын ашса жүрегі көрініп тұратын қарапайым, моралдық тұрғыдан кристалды таза адам болатын. Бірге қызмет істеген кезде бізге, облыстық партия комитетінің жас нұсқаушыларына ақылшы, қамқор болып жүретін. Көптеген мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарды. Торғай, Шымкент облыстық партия комитеттерінің бөлім меңгерушісі, Торғай және Ақмола облыстарының мәдениет басқармасының басшысы, тағы да басқа  лауазымдарды атқарды. Көптеген мемлекеттік марапаттардың иесі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері».

Біз, Нұрикамал Сейітжанқызының көзін көрген, қызметтестері, әріптестері, ол кісімен бірге қызмет істегенімізді мақтан тұтамыз.

Жатқан жеріңіз жайлы, иманыңыз жолдас, жаныңыз жаннатта болсын Нұрикамал Сейітжанқызы.

Сәмет Ықыласұлы Байқоңыров,

Ақтау қаласы

Abai.kz