«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында қалалық мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Талғат Балтабаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында азаматтар медициналық, құқықтық және әлеуметтік сипаттағы өтініштерін жеткізді. Бұл қабылдау тұрғындардың нақты қажеттіліктерін анықтап, оларға жедел әрі сапалы көмек көрсетуге бағытталған маңызды шара болды.
Тұрғындардың бірі анасына ота жасалғанын, қазіргі таңда ем-домына көмек қажет екенін және өздерінің үйсіз, көшеде қалғанын айтты. Депутат жағдайға жан-жақты назар аударып, қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
— «Дәрігерлерге жағдайыңызды түсіндіріп, анаңызға тиісті күтім жасауын өтінемін. Бұл жағын уайымдамаңыз. Ал баспана мәселесі шешілгенше қолдан келгенше қаржылай көмектесемін. Ең бастысы – қиындыққа мойымаңыз», – деді Талғат Балтабаев.
Сондай-ақ, Ынтымақ-2 елдімекенінің тұрғыны алаяқтардың арбауына түсіп, баспанасынан айырылып қалу қаупі бар екенін айтып көмек сұрады. Оның айтуынша, кейбір құқық қорғау органдарының өкілдері түрлі сөздер айтып, қорқыту әрекеттерін жасаған. Депутат мәселені егжей-тегжейлі қарап, тиісті шаралар қабылдауға уәде берді. Сол сәтте-ақ учаскелік полиция қызметкерімен телефон арқылы байланысып, жағдайға қатысты түсінік беруін сұрады және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланбауды, қорқыту әрекеттерін тоқтатуды талап етті. Бұл істің алдағы уақытта Жер комиссиясының қатысуымен толық зерделенетінін де атап өтті.
Қабылдау барысында әрбір азаматтың мәселесі жеке қаралып, тиісті деңгейде көмек көрсетілді. Бірқатар өтініштер сол мезетте шешімін тапса, күрделірек мәселелер хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Бұл азаматтармен тұрақты әрі ашық байланыс орнатудың және олардың құқықтарын қорғаудың айқын көрінісі болды.
«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да тұрғындардың әлеуметтік, құқықтық және тұрмыстық түйткілдерін шешуге бағытталған қабылдауларды жүйелі түрде өткізуді жалғастырады. Партия бұл бағыттағы жұмысты одан әрі күшейтіп, азаматтардың сенімін арттыруды басты мақсат етеді.