«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Әйелдер қанаты» партияның «Әйелдерге қолайлы кәсіпорын» стандарты аясындағы жұмысын жалғастыруда. Осы бағытта жұмысшы топ қаладағы бірқатар өндіріс орындарын аралап, ондағы әйел қызметкерлердің еңбек жағдайымен мұқият танысты. Бұл шара әйелдердің еңбегіне деген құрмет пен олардың құқықтарын қорғаудың маңыздылығын арттыруға бағытталған.
Кездесулерге «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, «Әйелдер қанатының» төрайымы Наргиза Керімбаева және ұйым мүшелері қатысты. Олар жұмысшылардың пікірін тыңдап, еңбек жағдайларын жақсарту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуге ниетті болды.
Әйелдер қанаты еліміздің әр саласында еңбек ететін әйелдердің құқықтарын қорғау, әлеуметтік және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейту, отбасылық және демографиялық саясатты қолдау бағытында тұрақты түрде іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Бұл жұмыстың нәтижесінде әйелдердің жұмыс орнындағы жағдайлары айтарлықтай жақсаруда.
Бұл жолы жұмысшы топ «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Бал Текстиль» кәсіпорнына барып, ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейтін әйелдердің ахуалын зерделеді. Кәсіпорында еңбек заңнамасында және басқа да нормативтік актілерде қарастырылған жеңілдіктер мен кепілдіктердің орындалу барысына терең талдау жасалды. Жұмысшылардың пікірлері мен ұсыныстары мұқият қаралып, олардың құқықтық қорғалу деңгейі арттырылды.
Сапар барысында топ мүшелері «ПК «АГФ ГРУПП» мекемесіне де ат басын бұрды. Екі кәсіпорында да жұмысшылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, олар көтерген мәселелерді шешу жолдары жан-жақты талқыланды. Осы арқылы кәсіпорындардағы еңбек жағдайларының жақсаруына ықпал ету және әйелдердің еңбек құқықтарын нығайту мақсаттары айқындалды.
Жұмысшы топ алдағы уақытта да әйелдердің еңбек жағдайын жақсартуға және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған шараларды жалғастыратынын жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп, әйелдердің әлеуметтік жағдайы мен кәсіби дамуына ерекше мән берілмек.