Монополистер xалықтың ақшасына қалай байып отыр

1296
Қазақстанда электрэнергияның өзіндік бағасы тек 7,5 пайызды ғана құрайды. Қалғаны — монополистердің үстеме бағасы, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарағанды облысы кәсіпкерлерінің қауымдастығы» ЗТБ басшысы Николай Абттың айтуынша, дамыған мемлекеттерде энергия өндіруші компаниялар соңғы бағаның 70 пайызын алса, қалғаны энергия таратушы кәсіпорындарға тиесілі. Оған қоса, табиғи монополияларды реттеу органдары аталған компаниялардың табысын 5-20 пайыздан асырмайды. Сонда тұтынушылар үшін энергияның өзіндік бағасына тек 50-78 процент қана қосылады. «Ал бізде қалай? Энергияның өзіндік бағасы — 2,5 теңге/кВт. Ал стансалар оны 7,5 теңгеге сатады. Сөйтіп, 200 пайыз пайда көріп отырады. Осыдан кейін энергия таратушы компаниялардың қызметі тағы бар. Олар тұтынушыларға бір киловатты 30 теңгеге дейін сатады. Ауылдық жерлерде одан да көп шығады. Демек, электрэнергияның өзіндік бағасы соңғы бағаның тек 7,5 процентін ғана құрайды. Ал тұтынушыға жеткенше үстеме баға 1200 процентке дейін барады», — деді Н.Абт «Protecting business and investments» жобасының қорытындысына арналған жиында. Айта кетейік, осы жиында бірлестік басшысы монополистердің xалықты қалай алдайтынын айтып берді. Бүгінде заң бойынша монополистер инвестициялық тариф арқылы қосымша қаржы тартып, ол ақшаны инженерлік желілерді жөндеуге жұмсай алады. Алайда аталған қаражат тұтынушыларға қайтарылуы шарт. Монополистер заңның дәл осы нормасын орындамай жатады.