100 жастан асқан 44 қазақстандық: еліміздегі жасы үлкен зейнеткерлер қайда тұрады?

10

Қазақстанда жасы 100-ден асқан 44 зейнеткер тұрады. Жасы ең үлкен әйел 106 жаста болса, ең қарт ер адам 104 жаста. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы мәлім етті, — деп хабарлайды Tengri Life.

1 қазан — Халықаралық қарттар күні. Мемлекеттік корпорация мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 2,4 миллионнан аса адам зейнетақы алады.

Олардың басым бөлігі — әйелдер. Жалпы санының 64 пайызы. Ерлердің үлесі — 36 пайыз.

Ең қарт зейнеткер 106 жаста

Зейнетақы төлемдерін алушылар арасында жасы 100-ге толған және одан асқандар да бар. Қазір мұндай қазақстандықтардың саны — 44.

Елдегі жасы ең үлкен зейнеткер Шымкентте тұрады. Ол 106 жаста. Корпорация мәліметінше, кейуана үлкен әулеттің қамқорлығына бөленіп отыр.

104 жастағы зейнеткер

Ерлер арасында Қазақстанның ең қарт зейнеткері деп 104 жастағы Алматы тұрғыны Зұлхарнай Сейітов аталады.

Ол — Ұлы Отан соғысының ардагері, ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор және академик. Сейітов Сталинград шайқасынан Берлинге дейінгі жауынгерлік жолдан өткен.

Соғыстан кейін ол ғылым және оқытушылықпен айналысуды жалғастырды. Жұмыс істеген жылдарында ғалым 150-ден аса ғылыми еңбектің, монографиялар мен оқу құралдарының авторы атанды.

Оның әскери еңбегі Қызыл Жұлдыз ордені, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені, сондай-ақ «Сталинградты қорғағаны үшін» және «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.

Бұған дейін Астанада Қарттар күніне орай зейнеткерлерге біржолғы әлеуметтік төлем берілетіні хабарланған болатын. Ережеге сәйкес, бұл төлемнің сомасы 2,5 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды. 2024 жылы бұл 9 230 теңге болса, 2026 жылы 10 812,5 теңге болады.