Ақтоты Райымқұлова Түркістандағы киелі нысандар бойынша тапсырмалар жүктеді

1179
ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Түркістан қаласына сапары аясында археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатқан Күлтөбе қалашығында болып, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің Сапар орталығының және Қожа Ахмет Ясауи музейінің құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
А.Райымқұлова Түркістанда тұңғыш рет бой көтеріп жатқан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің Сапар орталығының ерекшелігі мен маңызын атап өтті. Сондай-ақ ғимаратты музей жабдықтарымен қамтамасыз ету және туристерге ыңғайлы орта қалыптастыру мен экспозициялық залдарды жабдықтау бойынша министрлік тарапынан тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты.
Ортағасырлық Күлтөбе қалашығындағы 4 гектарға жуық аумақта жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарымен танысқан ведомство басшысы, зерттелген аумақтарға дер кезінде консервация және реставрация жұмыстары жүргізілуін тапсырды. Сондай-ақ, Күлтөбе қалашығының цитаделіндегі жабынды ауыстыру жөнінде арнайы тапсырмалар жүктеді.
«Күлтөбе» қалашығындағы ғылыми-зерттеу және реставрация жұмыстары ескерткіштің барлық тарихи кезеңдерін анықтап, нәтижесінде қалашықты ашық аспан астындағы музейге айналдыруға бағытталған. Қазіргі Түркістан қаласының түп тарихын зерттеу – тарих ғылымының өзекті мәселелерінің бірі. Қаланың осы кездегі тарихын зерттеу арқылы төл мемлекетіміздің тыныс-тіршілігінің қыр-сырларын тануға болады. Мұнда ел тағдырын шешкен мәслихаттар өткен, хан сайлаған құрылтайлар болған», — делінген министрлік таратқан ақпаратта.
«Күлтөбе» қалашығы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК ескерткіштер тізіміндегі Республикалық маңызы бар ескерткіш және Қазақстандағы көне қала орны. Қалашық Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай 350 метр жерде орналасқан.
«Сондай-ақ Ақтоты Райымқұлова Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, бабалар рухына тағзым етті. Бұдан бөлек, Қ. Ясауи кесенесі және Рәбия Сұлтан Бегім ана кесенесі мен сегіз қырлы сағана, цитадельдің ортағасырлық көшесінде жүргізілетін қайта жаңарту және музейлендіру жұмыстары пысықталды. Сонымен қатар, 7 мың орынға шақталған стадион және олимпиадалық резервтегі спорт мектебінің, драма театр мен кітапхананың, »Ұлы дала елі« орталығының құрылыс жұмыстары және ол нысандарды білікті кадрлармен толықтыру мәселелері нақтыланды», — деді баспасөз қызметінен.