Елена Рыбакина Аустралия ашық біріншілігінің финалына шықты

1285

Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының финалына шықты, деп хабарлайды Экспресс К.

Бүгін ол жартылай финалда әлемнің 18-ракеткасы, «Үлкен дулыға» жарысының екі мәрте жеңімпазы Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен жолықты.

Бірінші кезең тартысты өтті. Азаренко бесінші геймде брейк жасап, алға шықты. Бірақ отандасымыз тез есін жинады. Сөйтіп, ойын тай-брейкке дейін ұласып, 7:6 есебімен Рыбакинаның пайдасына шешілді. Ал екінші сетте қазақстандық теннисші оп-оңай жеңді. Есеп — 6:3.

Виктория Азаренко осыдан 10 шақты жыл бұрын, яғни 2012 және 2013 жылдары осы жерде чемпион атанған. Бұрынғы жеңімпаздардан ешкім қалған жоқ. Енді жаңа чемпион шығады.

Сөйтіп, Елена Рыбакина қазақстандық теннисшілерден алғаш рет Аустралия ашық чемпионатының финалына шықты.

Енді ол финалда әлемнің 5-ракеткасы, тағы бір белоруссиялық Арина Соболенко және рейтингте 45-сатыдағы Польша өкілі Магда Линет екеуінің бірімен жолығады.