«Самұрық-Қазына» жат жұрттан шақырған басшыларының біразын еліне қайтарды

657

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры шетелдік топ-менеджерлерін елдеріне қайтарып жатыр, деп хабарлайды Экспресс К.

Бұл туралы қордың қоғаммен байланыс, әлеуметтік еңбек қатынасы және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов айтты.

Басқарушы директорлар 2 есеге қысқарды. Қор тобындағы 12 ірі өндірістік компанияның 8-іне жаңа басшы тағайындалды. «Самұрық-Қазына» тобына кіретін компаниялардағы 10 шетелдік басшының орнына жергілікті мамандар келді,

— дейді Ғибрат Ауғанов.

Оның айтуынша, «Qazaq Air» әуе компаниясының басшысы болып Еркін Наурызбаев тағайындалған. «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ын Жәнібек Тайжанов басқарса, «Air Astana» әуе компаниясының бортта қызмет көрсету жөніндегі вице-президенті болып Елена Обухова қызметке кірісті. Бұрын бұл орындарда шетелдік менеджерлер болған.

Директорлар кеңесі мен бақылау кеңестерінің құрамындағы шетелдіктердің саны да азайып келеді. Бір жыл ішінде 23-тен 14 адамға, яғни 40 пайызға қысқарды,

— дейді Ғибрат Ауғанов.