Сарыағашта жас педагог сірке суын ішіп, суицид жасады

831

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында тарих пәнінің мұғалімі суицидке барды. Жас педагог жұмыстан тыс уақытта сірке суын ішкен. Дер кезінде ауруханаға жеткізілген ол аман қалды. Болжам бойынша, мектеп мұғалімінің мұндай қадамға баруына жалақыға қатысты туындаған кикілжің себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Экспресс К.

Аудандық адами әлеуетті дамыту бөліміндегілер суицид жасау дерегін растады. Оқиға 20 қаңтар күні кешкі уақытта болған. Педагог дереу ауруханаға жеткізіліп, оған ақ халаттылар қажетті ем-дом жүргізген. Мектеп мұғалімі бірнеше сағаттан соң жағдайы жақсарып, үйіне қайтарылыпты. Алайда кейінірек денсаулығы нашарлағанын айтып, ауруханаға жатқызылған. Қазір педагог денаулығына байланысты еңбек демалысында екен.

Адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері әрі суицидке барған ұстаз жұмыс істейтін білім ұясына жетекшілік ететін куратор Гүлмира Бейсенова педагогтың өз-өзін өлтірмек болғанына жалақы мәселесі себеп болуы мүмкін деген болжам барын айтты. Өйткені жаз мезгілінде мектеп директорының орынбасары мен сірке суын ішкен мұғалім және тағы бір ұстаз арасында жалақыға қатысты кикілжің туындапты.

Араларында артық әңгімелер болған. Осы уақытқа дейін жалғасып келген. Директор орынбасарына арызданған екі қызметкердің (оның бірі суицидке барған ұстаз — ред) үстінен ұжым атынан біздің бөлімге шағым түскен болатын,

— деді Гүлмира Бейсенова.

Ұжымнан түскен арыздан соң адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері білім мекемесін ауызбіршілікке шақыру мақсатында жиналыс өткізіпті.

Гүлмира Бейсенова жиналыста арыз жазып, әркім өз мүддесін қорғауға мүдделі екенін түсіндірдім деп отыр. Осы жиында мектеп директоры өзінің орынбасары мен оның үстінен арыз жазған екі мұғалімді өзара татуластырмақ болған көрінеді. Алайда екі ұстаз жиналыстан шығып кетіпті. Содан тарих пәні мұғалімінің денсаулығы нашарлап, дереу жедел жәрдем шақырылған. Алғашқы көмек көрсетілген соң оны әріптесі емханаға алып кеткен. Сол күні кешкі сағат 10-нан өте мектеп психологы бөлім әдіскеріне хабарласып, педагогтың сірке суын ішіп қойғанын айтқан.

«Бірнеше күннен соң бөлім басшысының атына мұғалімнің анасы директор орынбасарының үстінен арыз қалдырды. Айтуынша, жиналыста қызының намысына тиетін сөздер айтылыпты. Бірақ ол жиналыста мен де болдым. Ешкім ешкімнің намысын таптайтын балағат сөз айтпады. Қазір болған оқиға бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан мұғалімнің мұндай қадамға баруына нақты не себеп болғанын айта алмаймын. Полиция да тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр», — деді Гүлмира Бейсенова.

Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер полиция бөліміне ауруханадан жергілікті тұрғынның сірке суына уланып түскені туралы хабарлама келіп түскенін айтты.

Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша тіркелді. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіледі және болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталады,

— деп атап өтті ведомстводағылар.

Қазір тиісті сот-медициналық сараптама тағайындалған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.