ШЫМКЕНТТІК ЖАС ӨНЕРТАПҚЫШ ЭЛЕКТРОМОБИЛЬ ҚҰРАСТЫРЫП ЖАТЫР

1195
Шымкент – жастар қаласы. Шаһар тұрғындарының саны 1 миллион 200 мыңға жуықтады десек, соның 30 пайызға жуығын жастар құрайды. Қаламызда білімпаз, іскер, еңбекқор әрі жаңашыл жастар өте көп. Халықаралық жастар күніне орай шымкенттік өнертапқыш жас, Berenmotors компаниясының басшысы Нұрсұлтан Сейсембаев туралы айтпақпыз.
Ұлыбританияда оқып, инженер мамандығын алған Нұрсұлтан дәстүрлі автокөліктердің қозғалтқышын электрлі батареяға алмастырып, микрочиптер орнатып, электромобильге айналдырумен айналысып жүр.
–Келешекте жанармаймен жүретін көліктер өндірісі тоқтайды. Бүгінгі күннің өзінде әлемдік автомобиль өндірушілері электр көлігіне көшіп жатыр. Электр қозғалтқышының тиімділігі 95-98 пайызға жетеді. Шетелден жаңа электр көліктер әкелу де қазір тиімсіз. Өйткені, бағасы қымбат. Біреуі 35 мың АҚШ доллары тұрады. Екіншіден оған қажетті инфрақұрылым жоқ. Сондықтан кәдімгі үйдегі электр розеткілері арқылы қуаттай беретін біздің жобамыз тиімді, — дейді жас кәсіпкер.
Оның айтуынша электр көлігінің батареясын қуаттауға 10-20 кВт электр энергиясы кетеді. 1 Квт шашамен 17-18 теңге екенін ескерсек, жанармайға қарағанда электромобильмен жүру әлдеқайда арзанға түседі. Оның үстіне, бір толтырған батареяның қуаты 300-400 шақырымға жетеді.
Кәсіпкер Нұрсұлтан Сейсембаев келешекте электр моторды, микрочипті, қуаттағыш құрылғыны өзімізде шығаруды жоспарлап отыр.
Жас өнертапқыштардың біздің өмірімізді ыңғайлы етуге қосқан үлесі аз емес. Қазақстандық жас өнертапқыштар ашқан жаңалықтар да баршылық. Жас ұрпақтың ІТ салаға, робот құрастыратын үйірмелерге қызығушылықтары жоғары. Бұл болашақта жаңа технологияларды ойлап шығаруға жол ашады.
Талантты жастың талабына нұр жаусын дейміз!