«AMANAT» Партиясы: Жаңа оқу жылы қарсаңында оқушыларға қамқорлық көрсетілді

128

Жаңа оқу жылы қарсаңында «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы «Баланы мектепке дайындайық» республикалық акциясы аясында қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Игі бастаманың мақсаты – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық үшін қажетті заттармен қолдау көрсету.

Шара барысында «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы, сондай-ақ Экономикалық даму және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі аймақтық кеңес төрағасының орынбасары Гүлайым Шунғараева оқушыларға мектепке қажет сөмкелер мен жылы киімдерді тарту етті. Бұл сыйлықтар тек материалдық көмек қана емес, балаларға қуаныш сыйлап, жаңа оқу жылын жақсы көңіл күймен бастауларына себеп болды.

Іс-шараға партия филиалының өкілдерімен қатар, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Еңбекші аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Мақсат Жолдасбеков, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері мен Шымкент қалалық білім басқармасының өкілдері қатысты.

– Бұл – «AMANAT» партиясының жас ұрпаққа деген нақты қамқорлығының көрінісі. Партиямыздың бастамасымен және мүшелерінің демеушілігімен бүгінде Шымкент қаласында мыңға жуық оқушы мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Мұндай қолдау шаралары оқу жылы басталғанға дейін әлі де жалғасын табады, – деді Ербол Байқонысов.

Акция аясында оқушыларға оқу құралдарымен толықтырылған мектеп сөмкелері мен сәнді, жылы киімдер берілді. Бұл – балалардың тек оқу процесіне дайындығын ғана емес, олардың өзін-өзі сенімді сезінуіне де ықпал ететін маңызды қадам.

Гүлайым Шунғараева өзінің қайырымдылық жасау үшін таңдаған №30 мектепке ерекше ықыласпен келгенін атап өтті.

– Мен осы мектептің түлегімін. Сондықтан өзім білім алған қасиетті қара шаңыраққа алғысымды осындай игі іс арқылы білдіргім келді. Бұл мен үшін үлкен құрмет әрі парыз деп білемін. Балаларға тек табыс тілеймін. Жаңа оқу жылында білімге құштар, белсенді болыңдар, – деді ол.

«Баланы мектепке дайындайық» – «AMANAT» партиясының жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыратын республикалық акциясы. Бұл бастама арқылы партия қоғамдағы әлеуметтік әділеттілік пен қамқорлық қағидаттарын нақты істер арқылы жүзеге асырып келеді.

Шара соңында ата-аналар мен мектеп ұжымы партия өкілдеріне алғыс білдіріп, мұндай көмек көптеген отбасылар үшін үлкен қолдау екенін атап өтті. Ал «AMANAT» партиясы өз кезегінде алдағы уақытта да балаларға бағытталған әлеуметтік жобаларды тұрақты түрде жалғастыра беретінін жеткізді.