Шымкент қаласындағы А. С. Пушкин атындағы кітапханада Неміс мәдени орталығы ұйымдастырған ерекше концерт-реквием өтті. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты — неміс ұлтының депортация құрбандарын еске алу, сондай-ақ қазақ халқына сол қиын жылдары көрсеткен кеңпейілділігі мен мейірімділігі үшін алғыс білдіру болды. Кеш барысында өткен ғасырдың ауыр кезеңінде орын алған қасіретті оқиғалар туралы ой толғап, тарихтан тағылым алуға шақырылды.
Іс-шарада депортация құрбандарына арналған жоқтау сөздері айтылып, оларды еске алу мақсатында терең құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, қазақ жерінде тұрып, қиын-қыстау кездерде депортацияланған отандастарына жылу мен қамқорлық көрсеткен қазақ халқына ризашылық сөздері шексіз шырқалды.
Концертке өнер майталмандары қатысты. Олардың қатарында «Құрмет» орденінің иегері Александр Александрович Коротков, Шымкент опера және балет театрының дарынды солисті Маргарита Кин, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің фортепиано сыныбы бойынша түлегі, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Елена Шин, жас вокалист, халықаралық байқаулардың лауреаты Шахназар Хабибуллаев және республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты скрипкашы Кирилл Ли болды.
Барлық орындаушылар көрермендерге өткенге деген құрмет пен шынайы сезімге толы әсерлі өнер көрсетті. Кеш бағдарламасында қазақ, неміс және корей тілдерінде орындаулар ұсынылды, бұл көпұлтты Шымкент қаласының мәдени алуан түрлілігін паш етті.
Концерт барысында қонақтар өздерінің отбасы тағдыры туралы, ата-бабаларының депортация жылдарындағы ауыр сынақтары мен қиын кезеңдері жайлы әсерлі естеліктерімен бөлісті. Олар қазақ халқының сол қиын шақтарда көрсеткен үлкен адамгершілігі мен қайырымдылығын ерекше атап өтті. Бұл кездесулер арқылы тарихты еске алып, ұрпақтар арасындағы тарихи сабақтастық пен өзара түсіністікті арттыру мақсатында маңызды мәдени-ағартушылық миссиясы атқарылды.