ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ XXVIII СЕССИЯСЫНДА МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

21
Бүгін Шымкент қаласы мәслихатының кезекті жиырма сегізінші сессиясы өтті. Жиын қаланың әлеуметтік-экономикалық даму барысына, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және алдағы маусымдарға дайындық мәселелеріне арналды. Мәслихат отырысы ашылар алдында төраға Бахадыр Нарымбетов қала әкімінің жаңа тағайындалған орынбасарларын таныстырып, оларды халық сенімін ақтау жолында нәтижелі еңбек етуге шақырды.
Маңызды басқосуға қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, қала әкімдігі мүшелері, аудан әкімдері, басқарма басшылары мен депутаттар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессия жұмысы ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында онлайн форматта тікелей эфирде көрсетілді.
Жиында күн тәртібіне енгізілген бірқатар әлеуметтік-экономикалық және ұйымдастырушылық мәселе қаралды. Ең алдымен, Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандары әкімдерінің есептері тыңдалды. Әр аудан әкімі өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалу барысын баяндап, тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелерге тоқталды. Депутаттар қойылған сұрақтарға нақты жауаптар алып, бірқатар ұсыныстарын білдірді.
Сонымен қатар, білім беру саласындағы атқарылған жұмыстар мен жаңа оқу жылына дайындық жайы талқыланды. Бұл бағытта мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту, жаңа білім ошақтарының құрылысын жеделдету, ұстаздар құрамын жасақтау жайы қозғалды. Жиында сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім сапасын арттыру және цифрландыру мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде нақты ұсыныстар айтылды.
Күн тәртібінде қала халқы үшін аса маңызды тағы бір мәселе – жылу маусымына дайындық барысы қаралды. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшылары қысқы кезеңге қажетті жұмыстардың барысын баяндады. Қазандықтар мен жылу желілерін жөндеу, апаттық жағдайлардың алдын алу, тұрғындарды үздіксіз жылумен қамтамасыз ету жұмыстары талқыланып, депутаттар тарапынан бақылауды күшейту жөнінде ұсыныстар енгізілді.