Шымкент қаласы мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының кезекті отырысы өтті. Жиынға фракция жетекшісі Қайрат Имашев, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов және мәслихаттағы партия фракциясының мүшелері қатысты.
Күн тәртібінде қала дамуына тікелей әсер ететін бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, Шымкент қаласының төрт ауданында әкімдердің атқарған жұмыстары мен олардың тиімділігі, білім беру саласындағы ағымдағы ахуал және жаңа оқу жылына дайындық барысы, сондай-ақ алдағы 2025–2026 жылғы жылу маусымына дайындық жайы егжей-тегжейлі талқыланды.
Фракция жетекшісі Қайрат Имашев өз сөзінде депутаттардың қызметін жандандыру қажеттігін баса айтып, күн тәртібінде қаралған мәселелердің әрқайсысы бойынша нақты міндеттер жүктелетінін атап өтті. Оның айтуынша, халықпен кері байланысты арттыру, қала тұрғындарының әлеуметтік сұраныстарына дер кезінде жауап беру және партиялық бастамаларды жергілікті деңгейде сапалы жүзеге асыру – басты басымдық болуға тиіс.
– Әрбір депутат өз сайлау округінде белсенді жұмыс жүргізіп, тұрғындармен тікелей байланыста болуы керек. Бюджет қаржысының тиімді игерілуін бақылау, инфрақұрылымдық жобалардың іске асуын қадағалау және қоғамдық бақылау құралдарын пайдалану арқылы партиямыздың беделін көтеру – ортақ міндет, – деді Қайрат Имашев.
Жиын барысында «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов та сөз сөйлеп, жақында партия хатшысы Ержан Жұматұлының қатысуымен өткен кеңейтілген жиын туралы ақпарат берді. Ол басқосуда партия тарапынан мәслихат депутаттарына қатысты бірқатар сын-ескертпелер айтылғанын жеткізді.
– Өкінішке қарай, кейбір депутаттар өздеріне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқарып жүрген жоқ. Бұл – партияның ел ішіндегі беделіне кері әсер ететін фактор. Сондықтан әріптестерімізге жауапкершілік жүгін сезініп, өз жұмысын жүйелі әрі тиімді жүргізу қажет, – деді Ербол Байқонысов.
Отырыс соңында фракция мүшелері алдағы кезеңге арналған нақты жоспарларды пысықтап, бақылау және есеп беру жүйесін күшейтуге уағдаласты. Сонымен қатар, партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы да тұрақты бақылауда болатыны айтылды.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясы ел аумағында халықпен кері байланысты нығайтып, жергілікті жерлерде түйткілді мәселелерді шешуде белсенділік танытып келеді. Шымкент қалалық фракциясы да осы бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізіп отыр.