«Парасат» орденімен марапатталды

2052
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Оңалбай Аяшев Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен «Парасат» орденімен наградталды. Бұл мәртебелі награданы Астанада, Үкімет үйінде ҚР Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев табыс етті.
«Парасат» орденімен ғылым мен мәдениет, әдебиет пен өнер қайраткерлері, сондай-ақ республиканың рухани және интелектуалдық әлуетін дамыту мен молайтуға зор үлес қосқан немесе адам құқықтарын және оның әлеуметтік мүдделерін қорғауға белсенді атсалысқан азаматтар марапатталады.
Оңалбай Аяшұлының да білім мен ғылым саласына қосқан үлесі аз емес. Ол басшылық жасайтын оқу орны республикадағы іргелі де ең озық білім ордасының бірі. Өткен жылы 80 жылдық мерейтойын атап өткен қарашаңырақ оқу орны Үкімет қаулысымен 2017 жылы Университет мәртебесіне ие болды. Университет статусын иелену үшін білім бағытынан бөлек өнер, гуманитарлық, жаратылыстану бағытында 4 мамандыққа лицензия алды. Бұл білім ордасының еліміздегі ЖОО орындары арасында алғашқылардың бірі болып қосарланған 6 мамандыққа лицензия алуы да үлкен жетістік.
ОҚМПУ республикадағы педагогикалық бағытта мамандар дайындайтын 59 жетекші жоғары оқу орны арасында рейтинг бойынша 9 орынға көтерілді. Университеттің 3 профессор-оқытушысы – Н. Иманбаев, Г. Исатаева және Г. Бахрамова «ЖОО үздік оқытушысы атанды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында да атқарылған игі жұмыстар жетерлік. Университетте «Рухани жаңғыру орталығы, студенттерге арналған «100 жаңа оқулық» орталығы ашылды. IT мамандарының дағдыларын үйрету мақсатында ақысыз алты «IT- SYNYP» жұмыс істеуде.
Өңірдегі ордалы оқу орнының жеткен осынау жетістіктері әрине оның басшысы Оңалбай Аяшевтің іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеті мен біліктілігінің жемісі десек асыра айтқандық емес.
Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ