Барша халық Түркістанды қазақ руханиятының орталығы ретінде жақсы таниды, әрі мойындайды. Егір осы ой-пайымға тереңірек үңілетін болсақ бүгінде Түркістан облысы кино түсіруден алда келе жатқан өңір екенін байқауға болады. Руханиятқа жанашыр Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың «САҚ» киностудиясына қолдау көрсетіп, 3 анимациялық фильм және 10 сериялы телехикая түсірген болатын. Жергілікті билік орындары тарапынан осындай қолдауға ие болған киностудия қазір қызу жұмыс істеп жатыр. Шығармашылық топ Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Оқсыз», «Түркістан», «Ордабасы – бірлік туы» анимациялық фильмдері мен «Төле би» атты телесериал түсіруде.
Алдағы уақытта осы туындылардың арасынан «Төле би» кинотаптамасы жұртшылыққа жол тартпақшы. 1726 жылы Ордабасы тауында қазақтың үш жүзінің игі жақсылары бас қосып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайын үлкен басқосу болғанын тарихтан жақсы білеміз. Бұл жиын – қазақ елі тарихындағы аса күрделі кезеңде халықтың рухын көтеріп, ұлттық намыстың отын жаққан, жүрекке жігер, бойға қуат беріп, алдағы ұлы шайқастарға біртұтас ел болып аттанудың тағдырын шешкен аса маңызды оқиға саналады.
«Сақ» киностудия ұжымы осы оқиғаға орай облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлымен ақылдаса отырып, 10 сериядан тұратын «Төле би» телесериалын түсіруді қолға алған-ды. Туындының сценарийін жазушы, журналист Шойбек Орынбай мен бұдан бұрын да бірнеше анимациялық фильмнің сценарий авторы Бақытжан Құлжабай жазған. Олар Мархабат Байғұт, Момбек Әбдәкім, Сәрсенбі Дәуітұлы мен Жамбыл Артықбаевтың «Төле би» туралы еңбектерін басшылыққа алған. Телесериалдың тарихи кеңесшісі – профессор, тарихшы Жамбыл Артықбаев, әдеби-көркемдік жетекшісі – кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сатыбалды Нарымбетов.
Облыстық бюджеттен фильмнің әр сериясына 15 млн. теңгеден, барлығы 150 млн. теңге бөлінген болатын. Б.Дәуренбековтің мәлімдеуінше, бас кейіпкердің 6 жастан 10 жасқа дейінгі кезеңін – Мансұр Дәулетұлы, 10 жастан жігіт шағына дейін – Ерсұлтан Сіргебай, жігіт шағын М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Педагогика және мәдениет» факультетінің студенті Абзал Төлен, егде жастағы Төле биді Сағындық Жұмаділов сомдайды. Сағындық Жұмаділов пен «Тамаша» ойын-сауық отауының белгілі актері Сағаділдә Үсібәлі ғана сырттан шақырылыпты. Түсірілім Төлеби ауданының Қасқасу елді мекеніндегі тау бөктерінен басталып, Түркістанда, Боралдайда және Ташкент қаласында жалғасқан.
Телесериал жергілікті және республикалық арналардан көрсетілетін болады.
Dalanews.kz