«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ҚАРСАҢЫНДА БАЛАЛАРҒА СЫЙ-СИЯПАТ ЖАСАЛДЫ

8

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанда, «AMANAT» партиясы дәстүрлі «Баланы мектепке дайындайық» акциясын ұйымдастырып, ата-аналар мен балалар үшін үлкен қуаныш сыйлады. Бұл акцияның басты мақсаты — қоғамның әлеуметтік аз қамтылған топтарына қолдау көрсету және балалардың білім алуға деген ынтасын арттыруға бағытталған нақты қадам жасау. Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, партия фракциясының мүшесі Муфтулла Қонақбаев өз қаражаты есебінен әлеуметтік жағынан осал топтардан шыққан 30-ға жуық балаға мектепке қажетті барлық заттарды тарту етті. Бұл балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар, сөмкелер, дәптерлер мен оқу құралдары табысталды.
Іс-шара барысында балалардың жүздерінен қуаныш байқалды. Олардың көздерінде жаңа оқу жылына деген үлкен үміт пен сенім болды. Оларды жаңа оқу жылымен құттықтаған халық қалаулысы ізгі тілегін айтып, әрқайсысына алдағы оқу жолында табыс тіледі.
— Әне-міне дегенше бәріңіз жаңа оқу жылына аяқ басқалы отырсыздар. Бұл — бір жасқа есейдіңдер деген сөз. Есейген сайын білімнің маңыздылығын түсініп, өздеріңді дамыта түсетініңізге сенемін. Ел ертеңі — сіздердің қолдарыңызда. Ал ол тізгінді ұстар азаматтар білімді болуы тиіс. Сол себепті оқуда озат болуға шақырамын, — деді Муфтулла Қонақбаев. Оның сөзі балаларға ерекше мотивация беріп, олардың білімге деген құштарлығын арттырды.
Ата-аналар мен балалар қамқорлық көрсеткен жанға ризашылықтарын білдіріп, шынайы алғыстарын айтты. Бұл акцияның балалар мен олардың отбасылары үшін ерекше маңызы бар, себебі олар әрдайым осындай қолдауларды күтеді. Партия бастамасымен қолға алынған «Баланы мектепке дайындайық» акциясы алдағы уақытта да жалғасын тауып, осындай қайырымдылық шаралары жиі өткізілмек. Бұл бастама әрбір баланың сапалы білім алуына қосылған маңызды үлес болып табылады.
Акцияның нәтижесінде көптеген балалардың оқуға деген ынтасы артты, ал ата-аналар өз кезегінде әлеуметтік қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, осындай шаралардың қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға септігін тигізетінін білдірді. Сонымен қатар, бұл бастама әрбір азаматтың болашақ ұрпақтың білім алуына, олардың жақсы тәрбие мен сапалы білім алуына жауапкершілікпен қарауы керектігін көрсетті. Партияның осындай іс-әрекеттері қоғамдағы әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету жолындағы нақты қадамдар болып табылады.