САЙРАМ АУДАНЫНДА КӘСІПОРЫН ЖЕМІС ШЫРЫНДАРЫНЫҢ 60-ҚА ЖУЫҚ ТҮРІН ӨНДІРЕДІ

9

Сайрам ауданындағы «Korkem» брендімен танылған табиғи шырын мен тосап өндіруші «Наурыз-5» кәсіпорны алғаш рет Қытай еліне өз өнімін экспорттамақ. Кәсіпорын басшысы Джурат Игембаевтың айтуынша, қытайлық серіктестермен жасалған алғашқы келісімшарт аясында төлем қаражаты түсіп үлгерген. Енді жақын арада өнімдер Қытайға жөнелтіледі. Шетелдік мамандар сайрамдық өнімнің табиғилығы мен дәмдік сапасына жоғары баға берген.

Ақсукент ауылында орналасқан өндіріс орнында бүгінде томат пастасы, кетчуп, тосап және жеміс шырындарының 60-қа жуық түрі шығарылады. Зауыт жылына 2 400 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы және 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын негізінен Сайрам ауданында өсірілген жеміс-жидек пен көкөністі өңдейді. Өндірушінің айтуынша, өнім құрамында химиялық қоспалар қолданылмайды. Шикізат жергілікті шаруалардан сатып алынып, өндіріс барысында тазалық пен сапа талаптарына ерекше көңіл бөлінеді.

Қазіргі таңда кәсіпорын Қытаймен қатар басқа да шетелдік нарықтарға шығу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Жақын уақытта Моңғолиядан келетін мамандар өнім сапасымен танысып, ынтымақтастық мәселесін талқыламақ. Мамандар мұндай өндірістер ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытып қана қоймай, өңір экономикасының өсіміне және қазақстандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға үлес қосатынына сенімді.