САЙРАМ АУДАНЫНДА АЛҒАШҚЫ ЗАМАНАУИ КИНОТЕАТР САЛЫНАДЫ

8

Сайрам ауданында тұрғындардың сұранысына сәйкес заманауи ойын-сауық кешенінің құрылысы басталады. Соңғы жылдары аудан тұрғындары тарапынан кинотеатр ашу қажеттігі жөнінде көптеген ұсыныстар мен пікірлер айтылып келген болатын. Осыған байланысты тұрғындардың өтініштері назарға алынып, Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиевтің тапсырмасымен инвесторлар тартылып, жаңа жобаны іске асыру жұмыстары қолға алынуда.

Жобаның жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайды. Төрт қабаттан тұратын заманауи ойын-сауық кешенінде кинотеатр, балаларға арналған ойын алаңшалары, фуд-корт аймағы және сауда орындары орналастырылады. Жаңа нысан Әйтеке би ауылындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының маңында бой көтереді. Аталған жоба аудан тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, мәдени-демалыс инфрақұрылымын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.