Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеі» атты Жолдауында жастарды жаңашылдыққа қызығып, озық технологияны меңгеруге шақырғаны белгілі. Үшінші мегаполис жастары да цифрландыру, электроника, ІТ технология саласына қызығушылық танытуда.
Шымкент қалалық жастар ресурстары орталығы жастардың қызығушылығына орай Орталық жанынан «Робот-техника және конструкциялау» курсын ашты. Аталған курс ІТ-технологиялар бағытын дамыту, робот-техникалық іс-шараларда жобаларды сәтті жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылуда. Карантин талаптарына сай орын саны шектеулі болғанымен қатысу тегін. Оған конкурспен қабылданып, аптасына алты күн оқытылады.
Мемлекеттік жастар бағдарламаларын насихаттауда «Жастарға қызмет» деген бөлім ашылған. Кәсіпкерлік, қайтарымсыз субсидиялар, тұрғын үй, «Нұрлы жер» бағдарламасының ішінде қаншама бағыттар бар. Көп жастар оның бірін білсе, бірін білмейді. Сосын пробацияда жүрген, сотталған жастар жұмысқа кіре алмайды. Сол жастармен де жұмыс жүргізу қолға алынған.
Қала жастары мен жасөспірімдердің 46,9% ақылы үйірмелерге қатысатыны айқындалды. Қаладағы тіл үйрететін үйірмелердің көпшілігі ақылы болғандықтан студенттердің, оқушылардың қалтасы көтермейді. Сондықтан да, Орталық қала жастарының, оқушыларының және студенттерінің сабақтан тыс уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында арнайы тіл үйрететін ақысыз үйірмелер ашуды қолға алуда.
Сондай-ақ, жүргізілген сауалнамадан 500 респонденттің 1% ғана музейге, театрға, көрмеге баратыны анықталды. Бұл өте төмен көрсеткіш. Студенттер және мектеп оқушыларын 2 айда 1 рет музей және көрмелерге апаруды ұйымдастырып, жастардың тарихқа, ұлттық мәдениетке, дәстүрге қызығушылығын ояту қажет. Жастар арасында кітап оқуды кеңінен насихаттап, кітапханаларға, театрларға, музейге баруына, жаңадан жарық көрген кітаптардың кеңінен таралуына, насихатталуына жағдай жасалуда.
Осылайша, Шымкент қаласының жастар ресурстық орталығы жастардың жаңа технологияларға қызығушылығын қолдаумен қатар, олардың ұлттық құндылықтарды білуіне де көмектесу арқылы заманауи да отаншыл жастарды қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізуде.