ЕРІКТІ ЖАСТАР – ЕЛ ЕРТЕҢІ

1367

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 2020 жылды білгендей «Волонтерлар жылы» деп жариялады. Бұл жастарды еңбекке, қайырымдылыққа баулу, қоғаммен, адамдармен араласуға, белсенділікке дағдыландырудың тиімді жолы еді. Дегенмен, өткен жылы әлемдік пандемия басталып, індетпен күресте қиындықтар туындағанда волонтер – еріктілер орасан жұмысты тындырып, ковидтің бетін қайтаруда үлкен еңбек сіңірді.

Сонау Арыс қаласындағы төтенше оқиғадан бастап шымкенттік ерікті жастар волонтерлік қозғалыстың қарқын алуына мұрындық болды. Артынша Мақтаралдағы апатта да шымкенттік ерікті жастар орасан зор жұмыс жасады. Таяуда ғана Шымкенттің ерікті жастары Шығыс Қазақстандағы Риддерде орын алған қайғылы жағдайға байланысты бірінші болып көмек қолын созды. Азық-түлік, киім-кешек, қаржылай көмек жинап шығыстықтарға жөнелтті. Волонтерлік «Волонтерлер жылымен» шектелік қалған жоқ, ол қоғамның белсенді бір тобы ретінде күнделікті өмірімізге енді.

Шымшаһарда еріктілермен жұмыс істейтін 15-тен аса қоғамдық қор бар. Барлығы белсенді. Бұл ерікті жастар ұйымдары тек апаттық, басқа да төтенше жағдайларда белсенділік танытумен шектелмейді. Олар волонтерлік әдеттерді күнделікті өмірлік дағдыларына айналдырған. Сондықтан да, мегаполистегі қандай бір көмекке мұқтаж жандар мен отбасыларына көмектесуге, көпшілікпен бітетін қандай да бір қоғамдық жұмыстарды бірлесіп тындыруға бастамашыл болып жүреді. Мұндай еріктілер ұйымдарында белсенді болған жастар күні ертең қоғамдағы белсенді азаматтардың қатарын толықтырып, ел ертеңіне еңбек ететін болады.

Еріктілердің ұйытқы болуымен мегаоплисте «Экосана» атты сенбілік басталды. Орталық басшылығының айтуынша сенбіліктің басты мақсаты – қаланың қоқысын жинау ғана емес, тұрғындар санасын тазалау. Сана тазаланса адам қоқыс шашпайды, яғни айналамыз таза болады. Шын мәнінде еріктілердің мақсаты – өз еркімен, жан дүниесімен қайырымдылықпен айналысу. Орталық олармен бірлесе жұмыс істей отырып, жастардың ғана емес қоғамның біртіндеп дұрысталып, мемлекетшіл санасы қалыптасып, қайырымды болуына қол жеткізуді мақсат тұтады.