Сенат пен мәжіліс депуттарының саны қысқарады – Тоқаев

724

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бүгінгі, 16 наурыз күнгі жолдауында саяси реформаларды жүзеге асыру барысында Парламент депутаттарына қысқару жүретінін айтты. Нақтырақ айтсақ, президент тарапынан тағайындалатын депутаттардың саны азаймақ.

«Сенат – президенттік квотаның бақылауында болмауы тиіс. Ол –Парламентте осал әлеуметтік топтардың үні мен мәселесін ескерту тетігі болуы керек. Сондықтан Сенаттағы президенттік квотаны 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқарту туралы шешім қабылдадым», — деді Тоқаев.

Сондай-ақ, сөз барысында мемлекет басшысы төменгі палата – Мәжіліс депутаттарының да қысқаратынын айтты.

«Парламенттің төменгі палатасы – халықтың, сайлаушылардың мүддесін қорғаушы құрылым болғаны жөн. Сондықтан біз Мәжілістегі Қазақстан Халықтар Ассамблеясының квотасын алып тастаймыз, бұл, менің ойымша, саяси және заңды тұрғыдан да дұрыс. Бұл квота Сенатқа ауыстырылады және 9-дан 5 депутатқа дейін қысқартылады. Тиісінше, Мәжілістегі депутаттық орындардың жалпы саны азаяды», — деді Тоқаев.

Qymbat Slyambek