Жоғары Сот төрағасы Асанов мырза, абайлаңыз! Орындалмаған сот шешімдерінің «обалы» тиіп жүрмесін

1193

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына!

Жоспарланған реформаларды жүзеге асыру мақсатында ведомства мен өңір басшыларына дербес жауапкершілік жүктеймін.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауынан

Қарапайым халықтың түсінігінде «Жоғарғы сот деген — әділдіктің, ашықтықтың, сөз бостандығының, еліміздегі демократияның ең биік дәрежесін көрсететін бірден-бір мемлекететтік орган деп» — түсінеді .

Мемлекет тарапынан сот органдарына сот төрелігін жүзеге асыру үшін толыққанды жағдай жасалып отыруына қарамай, еліміздегі сот саласы заманауи талаптарға сай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды барынша қамтамасыз етіп отыр деп айта алмаймыз. Соттар канша жерден әділ шешім шығарғанымен, сол шығарылған сот шешімдері орындалмай жатса, сотқа жүгінген көптеген азаматтарымыздың сот жүйесіне деген сенімі мен үміті жоғалмай ма?Ендігі пікірімізді, осы мәселелердің төңірегінде өрбітсек.

Республикалық қоғамдық-саяси «Ардақ» газетінің редакциясы, Шымкент қаласында соңғы 2016-2021 жылдар аралығында, сот шешімдерінің орындалмауына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 430-бабы бойынша қозғалған 576 қылмыстық істердің сотқа жетпей, мыңдаған өндіріп алушы жәбірленушілердің Конституциялық құқықтары бұзылып, борышкер-қылмыскерлерден заңды күшіне енген сот шешімдері бойынша өндірілуге жататын миллиондаған ақшаларының өндірілмей, қылмыстық кудалау органдарының әрекетсіздігі туралы мән — жайды айта келе, Қазақстан Республикасын Жоғары Сотының (ҚР ЖС) нормативтік қаулылары негізінде осы проблеманы шешу туралы ұсыныс бере отырып, газет редакциясына ҚР Конституциясының құрамдас бөлігі болып табылатын ЖС нормативтік қаулыларын жіберуді,қажет болған жағдайда ЖС пленумында қарау туралы , Қазақстан Республикасы Жоғары Сот төрағасы Ж.Қ.Асановқа ресми хат жолдап сұранған болатын.

Алайда, осы ресми сұранысқа ҚР ЖС төрағасы Ж.Қ.Асанов мырза президенттің, ведомства басшысы ретінде дербес жауапкершілік таныту туралы тапсырмасын ескермей, оны орындауды басшылыққа алмай, немқұрайлылық танытып, қойылып отырған мәселеге жауап беруді шешім шығаруға өкілеттілігі жетпейтін сот кеңсесінің қызметкерлеріне тапсырған.

Енді, шығыс нөмірі 6000-22—5-11/1411 01.03.2022 ж берілген жауаптың негізгі уәждерін келтіре кетсек:

«Сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ететін уәкілетті орган ҚР Әділет министрлігі және оның аумақтық органдары-облыстық, аудандық және қалалық бөлімшелері болып табылады дей келе, «ұялған тек тұрмас» дегендей (шағым беруге мерзімі әлдеқашан өткен қылмыстық істерге) Қазақстан Республикасы Қылмыстық Процестік Кодексі 106-бабына сай жергілікті тергеу соттарына жүгінуге құқылы екеніңізді түсіндіреміз» –депті, Жоғары Сот  кеңсесі меңгерушісінің орынбасары А.Есематова ханым. Алайда, бұл жерде А. Есематова ханым « бас десе, құлақ деп» қойылып отырған мәселеге ешқандай қатысы жоқ, сот актілерінің орындалуы туралы мәселеге жауап берген. Бұл арада, ЖС лауазымды қызметкері қылмыстық істерге қатысты мәселеге ҚР Әділет Министрлігінің құзыры жүрмейтінін білмесе керек. Сот кеңсесінің жауапты қызметкері А .Есематова тарапынан өзінің тікелей кәсіби міндетіне қатысты талаптарды орындамағаны жайлы атап кеткенді жөн санадық :

-Белгіленген тәртіпке сай, жауаптың басында газеттің жіберген хатының шығыс нөмірі, күні көрсетілмеген;
-Хаттың соңында, берілген жауаппен келіспеген жағдайда ,шағым беру тәртібін көрсетпеген;
-қойылып отырған мәселе қаралмай,ресми сұралған жайттар қанағаттандырылмаған;
-Ең бастысы ,сот төрағасы Ж.Қ.Асанов мырза өтінішке ,заң талабына сәйкес , ведомства басшысы ретінде дербес жауапкершілік танытпай, мекеме басшысы ретінде осы жайтты бақылауға алу туралы міндетін орындамаған.

Қоғамымызда соңғы кездері орын алып отырған әлеуметтік дағдарыстарға байланысты айтар болсақ, әсіресе мемлекеттік органдардың азаматтардың өтініш-арыздарына байланысты берілетін жансыз, шығарып салма «жаны ауырмастың басы ауырмас» сияқты жауаптарының да қоғамымызда белгілі бір жағдайда наразылыққа себебші фактор болатынын ескергеніміз орынды болар.

Ендігі жерде, газет редакциясы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ведомства мен өңір басшыларының қызметі «халықтың пікірімен бағаланады» — деген сөзін басшылыққа ала отырып, Жоғары сот төрағасы Ж.Қ Асанов мырза тарапынан азаматтардың арыз өтініштерін қарауда кызметтік мәдениеттілік таныта алмай, кәсіби біліксіздік танытқан қызметкерлеріне заңда белгіленген шара көріп, редакцияның көтерген мәселесіне нақты да дәйекті жауап беруін, қылмыстық істерге қатысты сот шешімдерін орындата алмай, прокуратура мен сот және де қылмыстық қудалау органдарына өкпелері қара қазандай мыңдаған замандамстарымыз атынан сұранады.

Қылмыстық істерге қатысты сот шешімдері сотқа дейін жетпей, заңды қүшіне енген сот шешімдері орындалмай жатса, бұл мәселеге ҚР Жоғарғы Сотының «басы ауырмаса», қоғамымызға соттың әділдігінен не пайда дегеннен басқа не дейміз?

Еркін Керімбайұлы

Шымкент қаласы , Еңбек және ІІО ардагер