Алдын ала мәліметке сәйкес, Арыстағы жарылыс салдарынан мемлекетке келтірілген шығын мөлшері шамамен 20 миллард теңге. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, 24 маусым күні Арыс қаласында болған жарылыстан 8 мыңнан астам ғимарат зақымданған. Бұл да әлі нақты сан емес.
«Алдын ала мәліметке сәйкес, 7 600 үйге зақым келген. Ал кеше кешке шамамен 8 мың үйге жетті. Бұл нақты сан емес», — деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сондай-ақ Владимир Беккер жарылыс салдарынан мемлекетке келтірілген шығын мөлшерін болжап айтты.
«Кеше біз бұл мәселені тиісті органдармен талқыладық. Алдын ала мәліметке сәйкес, жарылыстан келген шығын мөлшері шамамен 20 миллиард теңге. Бұл қаланы жөндеуге қажетті қаражат. Бірақ бұл сан өзгеруі мүмкін. Менің ойымша, 15 шілде күні жарылыс салдарынан келген шығынның нақты мөлшері белгілі болады, — деп түйіндеді сөзін төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы.