Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған «Жұмысшылар жылы» – еңбек адамының қоғамдағы рөлін арттыруға, олардың құқықтары мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды жыл болып отыр. Осы орайда Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, сондай-ақ бірқатар белсенді азаматтар «KazFerroGroup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік базасына арнайы іссапармен барды.
Іс-шараның мақсаты – еліміздің индустриалды дамуына үлес қосып отырған еңбек ұжымдарымен байланыс орнату, олардың жұмыс барысымен танысу, сондай-ақ әлеуметтік қолдау бағытындағы жақсы тәжірибелермен танысып, оны кеңінен насихаттау.
Сапар барысында делегация мүшелері кәсіпорынның негізгі өндірістік үдерістерімен, инновациялық технологиялармен жабдықталған жаңа цехтардың жұмысымен танысып, жұмысшыларға жасалып жатқан әлеуметтік қолдау, кәсіби даму және еңбек қауіпсіздігі бағытындағы кешенді шаралар туралы толыққанды мәлімет алды.
Кәсіпорын басшылығы өз кезегінде қонақтарға компанияның құрылу тарихы, даму жолдары және соңғы жылдары іске асырылған ірі жобалар туралы баяндады. Сонымен қатар, еңбеккерлердің әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты бастамалар – жалақыны кезең-кезеңімен көтеру, тұрғын үй мәселесін шешу үшін жеңілдікпен баспана ұсыну, сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету, сондай-ақ мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында түрлі оқыту курстарын ұйымдастыру сынды жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Аталған бастамалар – тек жұмысшылардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, өндірістегі еңбек өнімділігін арттыруға және кадр тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді тәсілдің нақты көрінісі.
Өндірістік аймақты аралау барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері заманауи қондырғылар мен технологиялардың жұмыс барысын көзбен көріп, жұмысшылармен еркін форматта сұхбаттасып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Әңгіме барысында еңбек ұжымындағы этносаралық татулық, ұжымдық бірлік және өзара сыйластық мәселелері де көтерілді.
Кездесу соңында қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан өндірісте ерекше нәтижеге қол жеткізген қызметкерлерге алғыс хаттар табысталып, олардың еңбегі жоғары бағаланды.
Бұл шара – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге, кәсіпорындардағы әлеуметтік ахуалды жақсартуға, сондай-ақ қоғамдағы этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады. Мұндай кездесулер – Ел Президенті айқындап берген «Әділетті Қазақстан» қағидаларын іске асыру жолындағы нақты қадамдардың көрінісі.
#ҚХА30жыл #30летАНК #30қайырымды_іс #Шымкент #Shymkent #конституция30жыл #атазаңға30жыл #АтаЗаңымАйбыным #ҚХА30жыл