Шымкентте қалалық аурухананың бас дәрігері өз-өзіне қол жұмсаған

1493
Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Мәди Биғалиев өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болған. Бұл келеңсіз жағдайды қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Департаменттің баспасөз қызметі қайғылы жағдайға байланысты ақпарат толық жария етілмейтінін айтады. «Полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 105 «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Дегенмен, Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабы бойынша, бұдан басқа ақпарат таратылмайды» делінген ПД хабарламасында.
Еске салайық, кеше 40 жыл ғұмырын медицинаға арнаған білікті дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты хирург Мәди Биғалиев қайтыс болған еді. Ол ұзақ жылдар бойы №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері қызметін абыроймен атқарды. Қазақстан бойынша алғаш рет науқастардың жүрегіне, бауырына және өтіне операция жасауға үлес қосқан. 2013 жылдан бастап аталған ауруханада 125 бүйрек және 17 бауыр алмастыру операциясы жасалды.