ЭЛЕКТРОНДЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ЖЕДЕЛДЕТУ КЕРЕК

1655
Қазығұрт ауданына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсина іссапармен келді. Ол алдымен «Көрік ШҚ» ЖШС-інің алкогольсіз табиғи шырын сусындар шығаратын зауытын көріп, жұмысшылармен кездесті. Серіктестік директорының орынбасары Қанат Мекенбаев тікелей сығылған шырын шығаруға арналған құрал-жабдықтардың бәрі Еуропадан алынғанын, зауытты Қазығұрттан ашып отырғанының түпкі сыры – қажетті жеміс-жидектің барлығын жергілікті кәсіпкерлерден алуға қолайлы болғандығынан деп баяндады. Зауытта алты түрлі шырын: алма, жүзім, алмұрт-алма, жүзім-алма, сәбіз-алма және қызанақ шырыны өндіріледі. Шырын ыдыстары Ресейден алынған, арнайы құйылатын шүмек қойылған, өте қолайлы, ысырап болып төгілмейді. Ендігі кезекте зауыт жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс істеп тұруы үшін жеміс-жидек сақтау қоймаларын салған ләзім. М.Айсина зауыттың заман талабына сай жаңа технологиялармен жабдықталғанын көріп, разылық білдірді.
Содан соң халық қалаулысы аудандық орталық ауруханаға келіп, электрондық көрсеткіш тақтасының алдында кезекте тұрған ауыл тұрғындарымен әңгімелесіп, жағдайларымен танысты. ҚР Парламенті Мәжілісінде қабылданған заңдармен халықтың қаншалықты таныс екендіктерін білді. Бас дәрігер Данияр Піртаев аурухананың электрондық көрсеткіш тақтасымен қызметті 2017-жылдың соңында атқара бастағанын, бүгінде тұрғындардың оған үйренісіп қалғанын жеткізді. Және де ол аурухананың соңғы технологиялармен жабдықталғанын айтып, аралап көрсетіп, тек ғимараттың тарлығын, оны кеңейту керектігін мәселе етіп көтерді.
Соңында ағымдағы жастар жылына орай, Халыққа қызмет көрсету орталығының аудандық бөліміне кіріп, жастарымыздың қаншалықты заман ағымына ілесіп отырғанымен танысты. Бөлім басшысы Ақжол Қоңқабаев жастарымыздың электрондық цифрлық қолтаңбаны әлі күнге дейін пайдалану жағынан олқы соғып отырғанын жасырмады. «Біз биыл электрондық жүйеге – 80, келесі жылы – 90 пайыз өтуге тиіспіз. Байқауымша, біз әлі 60 пайызға да жете алмай тұрмыз», – деп Майра Айсина аудан әкімі Т.Телғараев пен А.Қоңқабаевқа бұл жұмысты ширату керектігін айтты.
Құралбек ЖОЛДАСҰЛЫ.