ШЫМКЕНТТІК БАЛАЛАР «ҚАЗАҚТАНУ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДАҒЫ МЕРЕКЕГЕ ҚАТЫСТЫ

744
Үшінші мегаполисте «Біз бақытты баламыз!» мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылып, балақайлар тамаша көңіл-күйге бөленді. Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі мұрындық болған мерекеге 300-ге жуық адам қатысты.
Балалар жылы аясында және Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орайластырылған жиынға басқарма басшылығы мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары, қалалық Ассамблея жанындағы құрылымдардың жетекшілері, ата-аналар мен балалар қатысты.
–Мемлекет басшысы 2020 жылды Балалар жылы деп жариялағаны баршамызға белгілі. Қазақ халқында «Балалы үй – базар» деген қанатты сөз бар. Халқымыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Лайым әр шаңырақтан бала күлкісі кетпесін. Бала – біздің болашағымыз десек, Қазақстанның жарқын болашағы ел тағдырына бей-жай қарамайтын, нағыз отаншыл, ниеттес, мүдделес азаматтардың қолында. Ардақты жас достар! Сендердің міндеттерің – жақсы оқу, үздік білім алу, үлкен азамат болып қалыптасу. Сондықтан, білім сендер үшін басты құндылық болмақ. Құрметті ата-аналар! Барша азаматтың негізгі мақсаты – отбасылық құндылықты жетілдіру, бала тәрбиесін дамыту. Әр ата-ана соған сәйкес әрекет етеді. Баланың жастайынан қалыптасу кезеңі оның ертеңгі болашағына тікелей әсер ететінін зерттеушілер дәлелдеген. Ертеңімізді ойласақ, бүгіннен әрекет етейік. Балалардың бүкіл тағылым-тәрбиесі оның жастайынан көргеніне, түйгеніне байланысты. Сондықтан, бұл мәселе баршамызға ортақ міндет жүктейді. Сіздерді қос мерекемен құттықтай отырып, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосады деген сенімдемін. Баршаңызға бақытты балалық шақ тілеймін. Аспанымыз ашық, еліміздің ертеңі жарқын болсын! – деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шотанов.
«Қоғамдық келісім» мекемесі ғимаратының алдында алдында Оқушылар сарайының «Айгөлек» хореографиялық би ансамблі, «Алтын ғасыр» әншілер тобы, аниматор-қуыршақтар және басқа да өнерпаздар өнер көрсетті. Одан кейін балалар батутта асыр салып, ойын алаңындағы техникалармен серуендеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекелік іс-шараға Шымкенттегі 17 этномәдени бірлестіктердің өкілдері барынша қолдау білдірген. Төрт аудандағы этномәдени орталықтардың жетекшілері өздеріне қарасты аумақтардағы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына «Мектепке жол» акциясы аясында көмек көрсетіп келеді.
Айта кетейік, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы аясында жыл соңына дейін бірнеше іс-шара өткізу жоспарланған. Оның ішінде «Ұлт үні» байқауы, «Мың жүйрік» ағартушылық жобасы, «ЭтноFashion» дефиле-байқауы да бар.