Шымкентте 60 мыңнан астам жұмыс орны құрылады — Ғабидолла Әбдірахымов

1163
Шымкентті дамытудың кешенді жоспары аясында 2023 жылға қарай жалпы өңірлік өнім 3,5 трлн теңгеге жетіп, 175 пайызға өседі. Өнеркәсіп көлемі екі есеге өсіп, 60 мыңнан астам жұмыс орыны құрылады. Бүгін Үкімет отырысында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тұрғын үй құрылысын дамыту бағытына тоқталған әкім, «Бас жоспарға сәйкес әкімшілік әрі іскерлік «Шымкент сити», «Тұран» шағын аудандарындағы, Қошқар ата өзенінің жағалауы көпқабатты тұрғын үйлер салу үшін анықталған. Кешенді жоспар аясында аталған аймақтарға инженерлік жүйелер тартылуда және  2023 жылға дейін 20 794 пәтерлі 319 көп қабатты тұрғын салынады», — деді.
Оның сөзіне қарағанда, қаладағы демографиялық өсімге байланысты жыл сайын оқушылар саны 10 мыңға артады. Бүгінгі таңда 19 мектептің үш ауысымға өту қауіпі бар. Осыған қарай 23 500 орындық 15 мектепті салу қарастырылған. Сонымен қатар, жекеменшік мектептер санын арттыру көзделген.
«Спорт саласында үш жобаны іске асырамыз. Бұл өз кезегінде спортпен айналысушылар санын 30 пайызға арттыруға жол ашады. Мұнымен қоса, мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион қайта құрудан өтеді. Нәтижесінде, стадион төртінші категориялы UEFA талаптарына сәйкес болады», — деді әкім.
Бұдан бөлек, денсаулық сақтауды дамыту аясында жеке инвестициялар есебінен 1000 орындық көпбейінді аурухана салу жоспарланған.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2023 жылға дейін шаһарды дамытудың кешенді жоспарын таныстырды.
ҚР Үкіметінің отырысында  кешенді жоспары қабылданды.