Бақытбек СМАҒҰЛ, Мәжіліс депутаты: Тоқтау жоқ жерде жоқтау көп

969
– Бүкіл елді алаңдатып отырған жайт – Қордайдағы жанжал. Сіз үкі­меттік комиссия құрамында оқи­ға орнына бардыңыз, жергілікті жұрт­пен сөйлестіңіз. Бұл кеше шық­қан дау емес, жылдар бойы қор­­­да­ланған кикілжің деген байлам бар. Дүнген халқы қоғаммен ара­лас­пайды, алыс-берісі аз деген ақ­па­рат тарады. Бұл рас па?
– Мәселенің мән-жайына терең бойлау үшін тарихқа шолу жа­саған жөн. Біз дүнген деп атай­тын хуэй этносы көп қу­­да­ланған, тарихтан талай тепе­ріш көрген халық. Олар шың (цинь) империясының отар­шыл­дығына қарсы қаншама рет бас кө­терген, аяусыз басып-жан­шыл­ған. Жан төзбес қудалау көрген. Мысалы, тарихшылардың айтуын­ша, XVIII ғасырда жоңғар им­пе­риясы жойылғанда ол жер­ді қа­зақтар басып алмауы үшін Қытай Жоңғарияға сибе, даур, солон, халха-моңғолдар мен та­ран­­шы-ұйғырлар сыртында, Кен-су (Ганьсу) аймағынан дүн­­гендерді көшіре бастайды. Сөй­тіп, Шыңжаң (қытайша «жаңа ше­ка­ра») аймағы пайда болды.
1864 жылы ұйғырлар мен дүн­гендердің кең ауқымды және қуатты көтерілісі басталды. 1867 жы­лы қоқан қолбасшысы Ж­а­қып бек Қашқария аумағын өзі­не қаратып, дүнген хандығын қал­­­­­пына келтірді. Осылайша, Іле сұлтанаты құрылды. Осы кез­де қазақ хандығын отарлап үл­гер­­ген Ресей патшасы Шығыс Түр­­кістандағы мұсылмандардың дә­уір­леуі Жетісудағы қазақтарға дем береді деп үрейленеді. Бұл қа­уіп­­тің алдын алу үшін орыс әс­ке­рі 1871 жылы Іле аймағына ба­сып кірген. Жақып бек билігінен айы­­рылды.
Орыстар о бастан сонда қалуды ойламағандықтан, Қытайдың сол жерді қайтару талабына келі­седі. 1881 жылғы 12 ақпанда Санкт-Петерборда екі империя ара­сын­да бейбіт келісім бекітілгені мәлім. Осы арқылы Ресей мен Цинь им­периясының Орталық Азия­да­ғы өзара шекараны ажырату бойынша ұзақ әрі күрделі процесс аяқталды. Келісімнің 3-бабына сәйкес, Іле аймағы халқына Қытай мен Ресейдің бірінің бодандығын ерікті түрде таңдау құқығы берілді. Бірақ 1-бап бойынша бұл аймақ толы­ғымен шың мемлекетінің құзы­рына көшкен. Демек, Ресей бодан­дығын қабылдаса, ол жерден кетуі шарт.
Қытайдың көтеріліске қатыс­қан­дарды қудаламасына сенбеген 100 мыңдай мұсылман діндес қазақ еліне көшуді қолай көреді. Нәтижесінде, тарихымыздағы XIX ғасырдағы ең ірі оқиғаның бірі – дүнген мен ұйғырдың қазақ жеріне үдере көшуі болды. Импе­рия осы­лай мейірім танытты деген бос сөз: ақ патша әскери-саяси қаты­нас күрделенсе, оларды Қы­тай­ға қарсы пайдалануға ниеттенді.
Бар баспана, бүкіл шаруашы­лық, егістік пен бақша, дүние-мү­лік атаулының бәрін Қытай жа­ғын­да қалдырып, жол қапшы­ғы­мен ғана бас сауғалай қашқан жүз мың­­дай адамға Ресей империясы Же­тісудан жер берді, ол жер қазақ­тар­дан тартып алынды.
Бастапқыда тұрғылықты ха­лық – қазақтар бұларға отарлау­шы­­ның серігі ретінде суық қа­был­­даған екен. Кейін араласа бас­­тады. Өйткені дүнгендер тары, күріш, бидайды көп өсіреді, бұл жұрт­­шылықтың сұранысына ие өнім. Одан қалды, 1916 жылы «әс­­керге жігіт бермеймін» деп қа­зақ­тар патша жарлығына қарсы шық­­қанда, дүнгендер біздің қата­ры­­мызда отаршыға қарсы шайқас­қан.
Бірақ ақсақалдардың айтуын­ша, кеңес заманында бұл қарым-қатынас үзіліп қалды. Дінге берік, діңі қатты дүнгендер өзгелерден ір­гесін аулақ салып, жабық қа­уым­­ға айналғаны құпия емес. Ара­ларында қалған азғантай қа­зақ­тарға да жиі тізесі батқан.
Қордай ауданында «Ауқатты» ауылдық округінің мектеп ди­рек­торымен сөйлестім. Білім орда­сын­да 1,5 мың оқушы оқыса, со­ның 1 300-і – дүнген, ал 200-і – қа­зақ баласы. Көпшілік аз­шы­­лыққа әлімжеттік жасайды дей­ді. Тіпті, мектеп ауласында дау­рыққан дүнген жігіттерінен ау­лақ кетуді сыпайы сұраған екі қазақ мұғалімін олар жабыла ұр­ған. Бірақ мұндай оқиғалар ақ­сақалдардың және бәлкім, ақ­ша­ның араласуымен жабулы қазан күйінде қалдырылыпты.
Дән себу, егін ору науқанда­рында дүнгендер таң азаннан кеш қарайғанша үлкен-кішісі тегіс егіс басында жүреді. Мұғалімдер балаларын мектепке келтіруге талаптанса, «Сабақ бергің келсе, өзің егіндікке кел!» деп талап қой­ған. Тіпті, егістікке барып, сабақ бе­ріп жүргені де бар көрінеді. Бұл –
өрескел дүние. Бұдан бы­лай оған жол бермеу керегі жөнін­де ескерту жасадық.
– Олардың әлі орыстілді жұрт болып қалуының себебі неде?
– Бұл – жалғыз  оларды емес, бү­кіл қоғамымызды жайлаған ке­сел. Қазақстанда қазақ тіліне қа­жет­ті­ліктің жоғын олар да жақсы түсі­не­ді. Бұл кеңес кезіндегі жаппай орыстандырудың қалдығы. Бірақ жағдай өзгеріп жатқандай. Қазіргі кезде қоғамда дүмпу туғызған, елді дүр сілкіндірген ең өзекті мә­се­лелерді қазақтілділер көтеріп жүргендіктен, қазақ баспасөзі мен қазақтілді ақпарат құралдарының беделі өсе бастағаны байқалады.
Қордай ауданындағы бес ауыл өкілдерін жиып, құрылтай-кеңес өткізгенімізде дүнген жастарының белсенділері қазақ тілінде жақсы сөйлейтініне куә болдық. Тек олар үлкен сөйлегенде үнсіз тың­дай­тын қазақ жастарына тән ина­бат­ты­лықты үйренсе, игі болар еді. Ауру­ханаға бара жат­қан қазақ ақ­са­­қалын ұруы да тәрбиесіз­дік­тен.
– Сіз Ауғандағы қан майдан орта­сынан оралған ардагер жауын­гер­сіз. Отан алдындағы антқа адал­дық­тың не екенін білесіз. Ал дүнген халқы баласын әскерге бермейді де­гені рас па? Рас болса, заңға қай­шы ғой. Бұл мәселені қалай шешу керек?
– Сізге одан да сорақысын ай­­тайын. Әскерилер берген де­рек­ке жүгінсек, бүгінде әскерге баратындардың 1 пайызы ғана өзге ұлт өкілдері екен. Қалған 99 пайызы – өзіміздің қазақ жігіт­тері. Оның үстіне сол 1 пайыздың көбісін орыстар құрайтын көріне­ді. Қазақстанда 125 этнос тұрып жатыр дейміз. Демек, олардың бала­ларының басым көпшілігі Қа­зақстан әскеріне барудан, Отан­ға қорған болудан қаша ма? Мұны жауапты органдар анықтап, мән бергені жөн. Өзім де депутат ретінде мұны назарда ұстаймын. Халық достығы дәріптелетін ме­ре­ке, жиын-тойда ұлттық кос­тюм киіп алып, «түріміз бө­лек бол­ға­ны­мен, жүрегіміз бір, ота­уы­­мыз бөлек болғанымен, Ота­ны­мыз бір» деп шаттанғанда алдымызға жан сал­маймыз. Бәрі «урапатриотизм» болып қалмай, отаншылдығымыз ісі­мізден көрінуге тиіс.
Дүнген жастары негізгі тәрбие­ні мешітте алады. Егер әскерге бар­са, еліміздің өзге өңірінде бол­са, қоғамымызға кірігуі жедел­дер ме еді.
«Дүнген жігіттері әскерге бар­май­ды, ақша табумен, егін егумен, коммерциямен айналысады» деген ақпаратты кездесу үстінде Әбдібек Сейілханов ақсақал хабарлады, ол бұрын «Қаракемерде» әкім болған, сондықтан жергілікті жағдайды жақсы біледі.
Кейін осы деректің анық-қа­ны­­ғын анықтағанымда, Қорға­ныс ведомствосы басқаша мәлімет ұсы­нды: 2019 жылы Жамбыл об­лы­сынан көктемде – 13, күз­де 22 дүнген жігіті әскерге шақырылған. Осы облыста жалпы алғанда, дүн­ген ұлтының 58 201 өкілі тұра­ды. Бірақ әскерге шақыру нау­қа­­нын ұйымдастырған азамат­тар­мен тілдескенімде, олар әс­ке­ри есепте тұрған дүнгендер әскер­ге бар­мау­дың әртүрлі жолын пай­да­ла­натынына шағымданды.
Мысалы, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңына сәйкес, әскери қызметке және әскери жиындарға шақырудан діни ұйымдарда оқи­тын­дар және тіркелген діни бір­лес­тіктердің дін қызметкерлері боса­тылады. Бұл кедергі кезінде әскерге жат ағындар қаптап еніп, қарулы жауынгерлер арасында қауіпті уағызын таратпауы үшін жасалғаны жасырын емес. Бұлар осы бапты да қолданатын болса керек. Осы мәселені көтергеннен кейін дүнген жігіттерінің негізсіз әскерден қашуына тосқауыл қою бойынша шаралар қабылданатын болды.
– Дүнген жұрты – мұсылман. Алайда сол ауылдағы кейбір ме­шіт­терде уағызды қазақ тілінде жүр­гізбейді екен. Мүфтият аталған мәселені шеше ала ма?
– Дүнгендер өзіміздің Ислам ді­ні­­нің Ханафи мазхабын ұста­нады. Масаншыда – 12 мешіт, Сортөбеде 13 мешіт бар. Имамдардың бар­лы­ғы ҚМДБ-ның бекітуімен, Бас мүфтидің бұйрығымен жұмыс істеуде. Аттестациядан өткен. Алай­да имам сыртында жергілікті беделді ақсақалдардың бірі көбіне дүнген тілінде уағыз оқиды. Ол не айтып жатыр? Бізге қарсы үгіт жүргізіп жатпағанына кім ке­­піл? Дүнгендер тек Құранды ғана емес, қоғамды сыйлай білуі шарт. Масаншы мен Сортөбе мешіттерінде жұма уағызы көбіне дүнген тілінде, кейбір мешітте орыс тілінде өтетінін білдім. Бі­рақ Қордай ауданының бас има­мы қазақ, аты – Дәурен Құт­ты­­баев. Дереу еліміздің Бас мүфтиі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлымен хабарластым. Ол облыстық имам­ды да Қордай ауданына жіберді. «Діни бағыттағы сала бақылауда болады. Жұмыс істейміз. Әр шараны қадағалап отырмын», – деді жаңа Бас мүфтиіміз.
– Үй өртеп, қиратқандар жер­гі­лік­ті жұрт емес, сырттан келгендер деген болжам айтылды. Бұл ақпарат расталды ма?
– Жалпы, қарасы 75 үй мен сауда нысанына нұқсан келті­ріл­­ген. Оның 35-і өртеліпті. Біз барғанда бықсып жатты. Қаты­сушылар арасында көрші ауыл­дар­дың да, өзге өңірлердің де тұрғындары болған. Бір аңғар­ғаным, бір көшеде самсай орын тепкен ғимараттар жаппай өр­тел­­меген. Кейбір баспана, со­ның ішінде еңселі сарайдың те­ре­зесі шағылғаны болмаса, өрт­ке оранбаған. «Тек жергілікті қа­­зақтарға тізесі батқандардың үй­лері мен сауда орындарына ғана от тасталған» деген жорамал туындады. Бірақ оны қазақ жағы растамады, дүнгендер, әрине те­ріске шығарды.  Қақтығыс сал­да­ры­нан 10 адам қаза тапты. Оларды жерлеу рәсіміне қатыстық. Туыс-туғандарына қайғырып, көңіл айт­тық. Мысалы, жазықсыз құр­бан­дардың бірі 25 жастағы Дархан Әбдірахым таксист болып жұмыс істеген. Қырғын төбелес болған күні жамандықтан хабары жоқ ол жолаушыны дүнген ауылына жеткізеді. Қазаққа ызаланған жер­­гілікті тұрғындардың бірі оны көре сала тап беріп, атып тас­та­ған. Көлігін өртеп жіберген. Д.Әбді­рахым­ның артында үш баласы ұлардай шулап қалды. Өзі ата-анасының жалғыз баласы. Бүлік шыққан жерден өлік шы­ғады. Ын­тымақ ұйыған ел болсақ қана қа­зағымыздың санын көбейте аламыз.
Жауынгерлік – қазақтың қа­нын­да бар. «Қазақты жаппай са­бап жатыр» деген хабар ел арасына жайылғанда біраз азамат байыз тауып отыра алмай, «ереуіл атқа ер салып» жедел аттанған. Ұлтжандылық – кез келген мем­ле­кеттің ұстыны. Әйтпесе, жаны үшін сатылуға даяр тұратын адам­дар қарасы басым елді дұшпан шап­пай алар еді.
Бірақ жасыратыны жоқ, бұл қа­тарға кімді ұрса да, бәрібір са­­найтын, қажет болса, қазақ ба­ла­сын да жазым етуге даяр бір­лі-жарым қаны бұзылған адам­дар кіріп кеткен. Ұлттық ұлан жа­уынгерлері тұрғындары тө­бе­­леске тартылған ауылдарды ты­ныш­тандыру үшін қоршай ор­наласқанда өзге өңірлерден ағыл­ған көліктер бері өте алмай жиналып қалды. Арасында «дүн­ген­дерді жазалауға» келгендер де болды. Біз олармен әңгімелесіп, арпалыс үстінде арашалауға кел­ген жазықсыз адамдар да зар­дап шеккенін, мұсылман мұсыл­ман­ның қанын жүктемеуі керегін, қа­зақ­тарға енді ешқандай қауіп төніп тұрмағанын айтып түсіндірдік. Ақылы бар азаматтар талаптарын қойып, жағдайдың бақылауда екенін байқап, кері қайтып жатты. Аралап келе жатып, бет-аузы қан-қан екі-үш жігітті кезіктірдім. «Бұ­ларға кім күш қолданды?» деп ашы­нып, мән-жайын сұрасам, олар араққа тойып алып, бір-бірімен төбелесіпті. Іштей налып қалдым.
– Қан төгілді, үй қирады. Үй қал­пына келер, жол жөнделер. Әкім ауы­сар. Алайда екі халық арасына сызат түсті. Оны жоюдың, өзге өңір­де мұның алдын алудың жолы қан­дай? 
 Біріншіден, қантөгіске үн­деу­ді қою керек. Ол қазақшы­лық­­қа да, адамшылыққа да, мұсыл­ман­шылыққа да жат. Кейбір аза­­­маттар бара-бара азшылық ұлыс­тарға қатысты геноцидке ша­қыра бастады. Бұл – қауіпті қадам. Кезінде сол жолға түскен Югославия ірі державалардың ара­ласуымен тоз-тозы шықты, тә­уел­сіздігінен айырылды. Қан­құ­мар­лықта тоқтауы жоқ ел жоқтау айтуға мәжбүр болады.
Сонымен бірге жалғыз дүнген ғана емес, басқа барлық этностар мемлекет құраушы қазақ халқымен бірге бір ұлт болып ұйысуы керек. Әйт­песе, әрқайсысы әр жаққа тар­тып, жерімізді ту-талақай етуі ықтимал. Ендеше осы бағытта пәрменді шаралар қабылданып, ше­телдік озық тәжірибе қолда­ны­луы қажет.
Екіншіден, жергілікті жерде жол, аурухана, мектеп және бас­қа­сына қатысты жылдар бойы қор­даланған, халықтың ашу-ыза­сын өршітетін, билікке деген сенімге селкеу түсіретін әлеу­мет­тік-экономикалық мәсе­ле­­лер шешімін табуы қажет. Үкі­­­меттік комиссия түйткілді проб­­лемаларын анықтады. Енді нақ­ты істер қолға алынуы тиіс.
Үшін­шіден, Қордай ауданында адамдардың қаруланып алуы мә­се­лесіне кезіктік. Неге қазақ­тар­дан тәркіленген қару олардан тәркіленбейді? Қаруды заңды алған ба, әлде заңсыз жолмен иеленген бе? Мысалы, Қытайда қарапайым тұрғындарға қарудың кез келген түрін, тіпті травматикалық қару­ды алуға үзілді-кесілді тыйым са­­­лын­ған. Оны аз десеңіз, қара­па­­йым асхана пышағы да кім кө­­рінгенге сатылмайды, сатып ал­са, пышаққа оның иесінің аты жа­зы­лады. Көрші алпауыт ел адам өл­­ті­ру қылмысымен осылай қатал күресуде.
Қазақстан мұндай шетін қа­­дам­ға бара қоймас. Әсі­ре­се, этнос­тар шоғырлана тұра­тын елді мекендерді нақты қару­сыз­дандыру шаралары жүзеге асырылғаны жөн. Бұл тек Жамбыл об­лы­сына ғана қатысты емес, сол­түс­тік өңірлерге де жіті назар ау­дарған маңызды. «Қазақтар ба­сып кірсе, қорғанамын» деп өзге­лер де жасырын қаруланып жат­паға­нына кім кепіл? Мысалы, аң­шы­мын дейтіндерге ірі жан­уар­ды алыстан сұлата алар қуат­ты қаруға қол жеткізуіне рұқ­сат. Бейбітшілігімізді сақтау, лаң­кестік шабуылдардан қорғану үшін құ­қық қорғау органдары те­геу­рін­ді іс-қимыл жүргізгені, қару ай­на­лымына бақылауды кү­шейт­ке­ні абзал. Ал «қаруыңды өз ер­кің­мен тапсырсаң, ақша аласың» дей­тін науқанмен шектелу әбестік. Құ­қық қорғау органдарының қау­қар­сыздық танытуы, олардың арасын жемқорлық жайлауы мәселесі де шара қабылдауды талап етеді.
Төртіншіден, Қордайдағы төбе­лес қоғамымызда тағат-толе­рант­тылықтың тоқырағанын паш етті. Этно-мәдени орталықтар ән айтып, би билеумен шектелмеуі керек, олар әртүрлі этнос бойында қиын-қыстау шақта құшағын ашып, пана берген мемлекет құ­ру­шы қазақтарға алғыс сезі­мін тәр­биелеуге, ұлттық құнды­лық­та­ры­мызға құрметпен қарауды үй­ретуге күш салуы тиіс. Олар мем­лекеттік тілді өз еркімен мең­геріп, күнделікті өмірінде жаппай қо­л­дана білуі керек. Басқасына – ді­ніне, діліне, ұлттық киім-костю­мі­не тиісіп отырған жоқ, өз тілінде қатар сөйлеуіне де қарсы емеспіз. Алайда мемлекеттік тілді білмесе, білгісі келмесе, ол этностар қалай мемлекетімізге кірігеді? Үй ішінен үй тігуі, жабық қауым құруы – тәуелсіздігімізге қауіп. Бұл тарапта жұмыстың түрен түспеген үлкен өрісі жатыр.
Бесіншіден, әрине қазақ хал­қы­ның өкілдері де тарылмай, кең­пейілдігін, мейірбандығын сақ­тағаны абзал. Қазақ соның арқа­сында өткен ғасырларда Сібір хандығы, ноғай жұрты, моңғол, қытай және басқа да елдердің ұлыс-тайпаларын құрамына қо­сып, тастай батырды, судай сіңірді. Олар қазір – қазақтың бір-бір руы! Кеңес тұсында өзіміз де ұлт ре­тін­де жойылып кете жаздап, осы ұлы қасиетімізден айырылуға шақ қалдық. Егер сол дарынымызды қайта түлетсек, ұлт пен ұлысты ұйыс­тырған, бір тілде ұғыстырған, бір ортада сыйыстырған, біріне-бі­рін туыс қылған айбынды елге айнала аламыз.

Дереккөз:aikyn.kz