Цой есептен жаңылды ма, әлде шын статистика осы ма?

910

Бүгін коронавирус пен пневмония статистикасының біріктірілетінін айтқан ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жыл басынан бері 234 мыңнан астам адамның пневмонияға шалдыққанын мәлімдеді.

«Осы жылдың 1 қаңтарынан 15 шілдесіне дейін Қазақстанда 234 187 адам пневмониямен ауырған. Бұл – өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 3,3 есе көп (70 926 адам)», — деді Алексей Цой.

Министр Цойдың айтуынша, жыл басынан бері 15 шілдеге дейін 3327 адам осы пневмониядан қайтыс болған.

Енді сәл кері шегініс жасайық. 11 шілде күні президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткенін білесіздер. Ол жиында президент Тоқаев елдегі эпидемиологиялық жағдайды реттеу үшін Үкіметке 2 апта уақыт берген.

Міне, сол жиында сөз алып, есеп қылған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жыл басынан бері, яғни, 1 қаңтар мен 30 маусым аралығында елімізде 98 546 астам адамның пневмонияға шалдыққанын айтқан.

«2020 жылдың алғашқы жарты жылында елімізде пневмонияға шалдыққандар саны өткен жылмен салыстырғанда 55,4 пайызға көбейіп, 98 546 адамға жетті (2019 жылы 63 436 болған). 2020 жылдың маусым айында 32 724 адам пневмониямен тіркелді. Бұл көрсеткіш 2019 жылы 7 964 еді», — деген министр Цой.

Ол сондай-ақ, 2020 жылдың жарты жылында 1772 адам бактериалды және вирусты пневмониядан қайтыс болғанын айтқан.

«Егер өткен жылғы жағдаймен салыстырсақ, биыл алты ай ішінде 1772 адам қайтыс болды. Ал 2019 жылы 1780 адам көз жұмған еді», — деген министр.

Министр Алексей Цой ол жолы (11 шілдеде) 2020 жылдың 1 қаңтары мен 30 маусым аралығындағы есепті көрсеткен. Ал бүгін 1 қаңтар мен 15 шілде аралығындағы есепті жария етті. Ол бойынша пневмонияға шалдыққандар саны 234 187 адам, ал осы дерттен қайтыс болғандар саны 3327 адам деп көрсетілген.

Қарапайым арифметикаға салсақ, 1-15 шілде аралығында 135 641 адам пневмонияға шалдығып, 1555 адам осы бактериалды және вирусты пневмониядан көз жұмған. 

1) 234 187 — 98 546 = 135 641 адам індетті.

2) 3327 — 1772 = 1555 адам қайтыс болған. 

Министр есептен жаңылды ма, әлде шын статистика осы ма?

Abai.kz