«Фотосын қойып, жалған аккаунтпен отырады»: Алаяқтар шенеуніктердің атын жамылып қазақстандықтардан ақша алуда

9

Қазақстанда алаяқтар күштік құрылымдар басшыларының атынан желіде жалған аккаунт ашып, адамдардан ақша сұрап жатыр. Ішкі істер министрлігі тұрғындарды сақ болуға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Полицияның мәліметінше, қаскөйлер мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жалған аккаунттар ашып, өздерін лауазымды тұлға, бұрынғы әріптес немесе таныс адам ретінде көрсетеді.

“Кейінгі уақытта күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдары басшыларының аты-жөні мен фотоларын пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық жағдайлары кездесіп жүр. Олар әртүрлі сылтаумен шұғыл түрде қарызға ақша беруді сұрайды.

Ақша аударуды сұраған хабарламаларға, тіпті олар өзіңіз танитын адамның атынан келсе де, сенбеңіздер. Ешкімге SMS-кодтарды, банк картасының деректерін, құпиясөздерді және басқа да жеке мәліметтерді бермеңіздер. Күмәнді сілтемелерге өтпеңіздер және белгісіз қосымшаларды орнатпаңыздар”, – деді ведомство.

Полиция мұндай жағдайға тап болғандарға алдымен солай жазған адамның шынымен таныс екенін тексеріп алуға шақырды.