«Жұрт тұрмысын негізінен несиенің көмегімен ғана жақсартып отыр» — Наталья Годуновa

773
Годунова экономиканың құлдырап бара жатқан тұсын да ашып айтты.
Жұрттың табысы қазір ішіп-жемнен аспай жатыр. Елдегі әлеуметтік жағдайдың қиындығына қатысты есеп-қисапты бүгін Мәжілісте Есеп комитетінің төрайымы жария етті.
«Халықтың тұрмысын жақсарту қалай жүргізіліп жатқанына келсек, нақты табыс небәрі 5 жарым пайыз ғана өсті. Алайда халықтың азық-түлікке жұмсайтын ақшасы бұрынғысынан 50 пайызға артып кетті. Дамыған елдерде ол 10 пайыздан аспайды. Тіпті Беларусьта да халықтың азық-түлік шығыны табысының үштен бірінен аспайды», — деп мәлімдеді Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова.
Годунова экономиканың құлдырап бара жатқан тұсын да ашып айтты. Мәселен, соңғы 10 жылдан бері нарықтағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11 пайыздан аспай келеді. Ал экспортқа келгенде минералды ресурстар үлесі 70 пайыздан да асып кеткен. Мемлекет екінші деңгейлі банктерге орасан зор көмек көрсетіп келе жатса да, соңғы 5 жылда олардың ел экономикасындағы рөлі азайып барады. Осыдан 5 жыл бұрын банктердің жалпы ішкі өнімдегі активтері 60 пайыздан асып тұрса, қазір 40 пайызға түсіп қалған. Оның үстіне, проблемалық несиелер көлемі де ұлғайып барады.
«Бұл нені білдіреді? Халықтың табысының жартысы керек-жарағына кетеді де, тіршілігінен бөлек ақша жинауға мұрша бермейді. Жұрт тұрмысын негізінен несиенің көмегімен ғана жақсартып отыр. Былтыр тұтыну несиесінің көлемі халықтың номиналды табысынан 15 пайыз асып түсті. Ал несиені көп ала берсе, ол әлеуметтік мәселелердің туындауына алып келеді», — деді Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова.