ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТА «ПАРАСАТ» ПІКІРТАЛАС КЛУБЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

770
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында аудандарда «Парасат» пікірталас клубын ашып, халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуді тапсырған болатын. Аталған тапсырмаға сәйкес, «Nur Otan» партиясы Қазығұрт аудандық филиалы жанындағы «Парасат» пікірталас клубының алғашқы отырысы өткізілді.
Отырысқа аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат хатшысы Ө.Көпеев, партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Исақұлов және әр саладағы, әр түрлі ұстанымдағы ел ағалары, әжелер алқасының төрайымдары, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен депутаттар, жастар, БАҚ өкілдері мен белсенді блогерлер қатысты.
«Парасат» пікірталас клубының алғашқы отырысын аудан әкімі Арман Абдуллаев жүргізіп отырды.
– Ауданымызда қордаланған мәселелерді халықпен бірлесе отырып талқылап, оларды шешудің жаңа бағытын қалыптастыру мақсатында «Парасат» пікірталас клубы құрылып отыр. Парасат деген салмақты сөз. Бірінші өзіміз парасатты болуымыз керек. Айтқан сөзіміз, көтерген мәселеміз – жеке басымыз емес, көпшіліктің қамына бағытталуы тиіс, – деді аудан әкімі.
Пікірталас клубының әрбір отырысында аудан тұрғындарын сапалы ауыз су, табиғи газ, электр энергиясымен қамту, жер мәселесі, қоғамдық-саяси ахуалды жақсарта түсу, этносаралық қарым-қатынастарды нығайту, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларды қолдау шаралары туралы, жастар мен жасөспірімдер арасындағы суицид, әлімжеттік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы ең өзекті мәселелер талқыланады. Көтерілген мәселелер мен ұсыныстар бойынша жұмыс жүргізіледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі