ДӘСТҮРЛІ ӨНЕР БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

667

Республикалық «Рухани жауһарлар» атты дәстүрлі әншілер мен термешілер байқауы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды. Байқаудың жабылу рәсіміне қатысқан қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан орын алған азаматтарды жеңістерімен құттықтап, жүлделер тапсырды.

— Қазақтың дәстүрлі әншілік өнерінде алты мектеп бар болса, соның ішінде Оңтүстік өңірінің де өзіндік өрнегі бар. Осы өнерді кейінгі өскелең ұрпақтың бойына дарытып, осындай байқаулар арқылы насихаттап отыру — біздің міндетіміз. Өнер сайысына еліміздің түкпір-түкпірінен небір талантты жастар келіп қатысты. Олардың өнерін бағалаған әділ қазылар алқасы да кіл мықтылар. Қазақ барда оның ұлттық ән дәстүрі өлмек емес, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Сонымен, 2 күнге жалғасқан сайыс нәтижесінде дәстүрлі ән бойынша А.Ермекбаева, Ә.Бекниязов, Б.Нуриддинұлы, Б.Айтахметов, Н.Жуасбеков арнайы номинацияның иегерлері атанды. Осы ән дәстүрі байқауында ІІІ орынды А.Дәуен, ІІ орынды А.Сағындық, І орынды О.Жаңабаев ұтып алса, бас жүлде Қ.Сынабайға бұйырды.

Терме сайысында А.Рустамов, Д.Рахман, Ж.Жәнібек, А.Қонысбаева, Ж.Оспанқұлов арнайы номинациялық жүлделермен марапатталды. Терме айту жарысынан ІІІ орын К.Түрікпен, О.Құлсымақов, ІІ орын Ә.Мырзағалиев, Б. Көштаев, І орын Е.Құрасбектің еншісіне тисе, гран-при жүлдесімен Р.Ахинбеков марапатталды.

Өнер додасы марапаттау рәсімінен соң дәстүрлі әншілердің қатысуымен өткен гала-концертке ұласты.

Сонымен қатар, Шымкент қаласында белгілі режиссер Ақан Сатаевтың «Ұлы дала таңы» атты тарихи-көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов жаңа туындыны көпшілікпен бірге тамашалады.

Тұсаукесер жиынына қоюшы режиссер А.Сатаев, актерлер Б.Айтжанов, А.Әбдіқадыров, Е.Жолжақсынов арнайы қатысып, жаңа туындының ерекшелігін, құндылығын атап өтті.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірілген кинотуынды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған. Фильм желісі Қасым ханның өмірі, билік құрған кезі мен Қазақ хандығының гүлденіп, нығаюы жолындағы күресті баяндайды. Қазақ хандығы тарихында Қасым ханның алар рөлі ерекше.

Басты рөлдерді Берік Айтжанов, Ерік Жолжақсынов, Тұңғышбай Жаманқұлов, тағы басқа актерлер сомдайды.

Қала тұрғындары жаңа фильмді тамашалап, өнер туындысын жоғары бағалады.