Мектеп директоры соққыға жығылған ауыл жұрты әнді харам санайды, тіл білмейді – Айгүл Орынбекпен сұхбат

918

Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы Фирдауси мектебінің директоры Жанар Сапарқызын екі ер адам соққыға жыққан. Бұл туралы  заңгер Айгүл Орынбек Jas Alash порталына айтты.

Заңгердің айтуынша, ол 2015 жылы Фирдаусиге барғанда балалардың сабаққа барудың орнына мақта теріп жүргенін көрген.

«Мен кәсіпкермін. 2015 жылы сол ауылға барып, балалардың сабаққа бармай, мақта теріп жүргенін көремін. Тіпті мектеп мұғалімдері де мақта теріп жүр екен. Сол кезде Жанар ханымға ұсыныс тастаймын. Осы жерде мектеп директорының орны бос екенін айтамын. Ал білім ордасына директор болып келген қазақ жігіттері парамен ұсталып кете берген. Бірақ істің мән-жайы түгел зерттелмеген. Жанар ханымға «Қазақстан республикасының заңы бар, сабақ жүріп жатыр, мұғалымдер тиісті жалақысын алып жатыр. Сондықтан заңды мойындатуымыз керек» деймін. Бізде заң барын, мақта теріп жүрген балалар білім алу керек екенін ол кісіге түсіндіремін. Жанар ханым менің ұсынысымды қабылдайды. Ол жерге ашық конкурс арқылы жоғары бал жинап, директор болып келеді», — дейді Айгүл Орынбек.

Фирдауси тұрғындары мақта теріп жатыр. Фото: Informburo.kz

Мектепте аттестат сатылатын жағдайлар анықталған

Ол Жанар Сапарқызының мектепке келе салып, бір заңмен реттегенін, аттестаттар сатылып жатқан жағдайларды анықтағанын айтады.

«Жанар ханым келе сала мектепте дипломы жоқ адамдарды заңды түрде реттейді. Бұл мектепте аттестаттар сатылады екен. Сабаққа мүлдем келмей, Тәжікстанда жүріп кейін аттестат алғандар да бар. Біз бұның барлығын анықтадық», — дейді заңгер.

Заңгер мен мектеп директоры түрлі қиындықтарға тап болған. Олар ауылда болмаған қазақ сыныбын ашқан екен.

«Бір күні Жанар ханымның да кабинетіне ақша тастап кетеді. Антикор ұстады қылады. Бірақ Жанар ханымның кінәсіздігін дәлелдеп, соттасып, ол кісі жұмысында қалады. Біз балаларды білімге ынталандырсақ деп едік. Бірақ өздері іштен бүлік жасай бастайды. Содан 2015 жылы қазақ сыныбын да аштық. Қазір 22 қазақ сыныбы бар. Бұрын қазақ сыныптары болмаған. Қазақ сыныбында оқып жүргендердің алды 7-сыныпқа келді», — дейді Айгүл Орынбек.

Ауылда әнді харам санап, домбыра үйренбеген

Ол  ауылда әнді харам деп, ән-күй сабағына келмей, домбыра үйренбейтіндер болғанын айтты.

«Балалардың оқу үлгерімі жақсы, ән-күй, домбыра сабақтары ол жерде жоқ еді. Себебі ән олар үшін харам болды. Дінді өте қатты ұстанады. Бірақ 100 пайыз тәжіктер олай емес еді. 3-4 адам болу керек, имамы да сондай. Теріс ағымда уағыздар айтады. Мемлекет ішінен мемлекет құрып алған десем де болады. Бірақ біз келіп реттедік. Қазір домбыра да, ән-күй сабағы да бар.

Көзі ашық, біздің заңды қолдайтын, балалары білім алып біздің қоғамның кірпіші болып қаланатынды қалайтын азаматтар да бар», — дейді заңгер.

Мұндай қысымдар бұрын да болған екен. Заңгердің айтуынша, Жанар Сапарқызына жасалған шабуыл бірінші рет емес.

«Бұл жағдайлар бұрын да болған. Жанар ханымның көлігін соғып кетіп, жағын сындырып кеткен. Пышақпен де қорқытқан. Менің өзіме қоқан-лоққы жасап, «қызыңды өлтіріп кетеміз» дегендер болды. Заңсыз әрекеттер жасалды. Бірақ біз оның бәріне төтеп бердің, қазір артта қалды», — дейді Айгүл Орынбек.

Оқиға қалай болды?

«Кеше жанар ханым көлігімен келе жатқанда сақалды екі қазақ жігіті тоқтатқан. Жанар ханым «тоқтаған себебім көбіне адамдар жол сұрайды. Солардың бірі болар деп тоқтадым» дейді. «Қазақтың екі теке сақал жігіті «қайда бара жатырсың?» деп сұрады. Ойымда ештеңе жоқ. «Жұмысқа» деп едім, бірден мойнымнан қылқындырып, басымнан ұрмақшы болды. Айқайлап құладым» дейді Жанар ханымның өзі. Кеше көрдім. Дене жарақаттарын алған. Көзі қанталап, аяғындағы шыбығы шығып кеткен. Сол кезде бірден орынбасарын шақырған. Ол тәжік жігіті болатын. Ол жүгіріп келіп, көмектесіп, сынықшыға апарып. Жедел жәрдем шақырған. Бар болған оқиға осы», — дейді Айгүл Орынбек.

Мектеп оқушысына орамалын шешкізіп жатыр, Фирдауси ауылы. Фото: Informburo.kz

Тілімізді, заңымызды білмейді

Оның айтуынша, мектеп директоры хиджаб киген оқушыларды мектепке кіргізбеген.

«Бірақ басында бұл жерде хиджап мәселесі емес, біреудің амбициясы еді. Мирзаев Сайдакбар деген сол жерде директордың орынбасары болып отырған, қанша директор келсе де біраз заңсыз әрекеттерін жасап үйреніп қалған. Енді мектепте қаржы бар ғой. Менің ойым бұл. Меніңше, ол сол жерді бизнестің көзі етіп алған. Сол жерде қызмет еткен жігіттердің өзі айтады. «Айгүл ханым, бізде сабақ өтпейтінбіз, 5 мың теңгемізді береміз де мақтамызды теріп жүре беретінбіз. Ауылда үкіметтен қаржы алып отырған мектеп қана ғой. Оны бизнестің көзі көріп қалған. Сабақ өтпейді. Қазақ елінде тұрып қазақ тілін білмейді, заңымызды білмейді, бағынбайды десек те болады. Орамал оларға жай ғана сылтау болды», — дейді заңгер.

Заңгердің айтуынша, қазір 98 бала мектепке барып, білім алады. Бірақ балаларын білім ордасына жібермейтіндер де бар.

«Ата-аналар балаларын мектепке жіберіп жатыр. Тек қана бір ғана азамат Сайдакбар деген балаларын мектепке жібермейді. Тек директор кетсе ғана балаларымды мектепке апарамын деп отыр. Бұл сылтау ғана. Сылтауды арампиғылды адамдар пайдаланып жатыр», — дейді Айгүл Орынбек.

Оның айтуынша, ауылда бір адамдар ықпал жасап отыр, хиджап дауының да көтерілгені сол.

«Кеше әкімшілік балаларыңды мектепке жіберіңдер десе, ол «маған жоғарыдағылар жібермейсің» деп айтып жатыр депті. Сонда кім оған бұйрық беріп отыр? Яғни біреулер бар ғой. Қазіргі орамал дауының да көтерелу себебі сол деп ойлаймын. Неге осы уақытқа дейін үнсіз жатқан дүние бірден өршіп кетті. Қазақтың мықты жігіттері бұдан да күрделі мәселелер бар ғой. Неге орамал дауын ушықтырып жатыр? Бұл ушықтыратын дүние емес еді», — дейді  Айгүл Орынбек.

Фирдаусм аулындағы мектеп. Фото: informburo.kz

Баланың өзі 18 жасқа толғанда таңдауы керек

«Мен бала өзі таңдауы керек деген дүниені осы уақытқа дейін айтып келе жатырмын. Практикамда талай дүние болған. Шымкентте баласы намазды дұрыс оқымағаны үшін өлтіріп қойған әке бар. Балаларын намаз оқытам деп шетел асырған ата-аналар қамалып отыр қазір. Баладан сұрау керек қой. Өзі 18-ден кейін ғана шешім қабылдайды. Оған дейін баланы ешкім мәжбүрлемеу керек», — дейді заңгер.

Елдің алдында жүрген Мұхамеджен Тазабектің өзі мойындады

«Өзі адасып, оған қоса баласын да адастырған дұрыс емес қой. Елдің алдында жүрген Мұхамеджен Тазабектің өзі мойындады ғой. «Мен адасып жүрдім» деді ғой. Ол адасып жүргенде қаншама адамды артынан ертіп кетті. Неге соны біз зерттемейміз? Зерттеу институттары бар ғой. Қаншама миллиардтар экстремизм мен терроризммен күреске бөлініп жатыр ғой. Миллиардтар бөлініп жатыр, бірақ, нәтижеміс мынау. Тапа-тал түсте мектеп директорын екі сақалды келіп ұрып кетеді», — дейді Айгүл Орынбек.

Қазір қылмыстық іс тіркелген. Ал мектеп директоры ем алып жатыр.

«Қазір қылмыстық іс тіркелді. Негізі ол (Жанар Сапарқызы) шок алып қалған. Әбден қорқытып, үркіткен. Небір қиыншылықтардан өттік қой. Қаншама арыз жаздық, оның бірнешеуі қаралмай қалып кетті. Органдарға да өкпеміз бар. Содан «арыз жазасың ба?» дегенде «Сендер бәрібір таппайсыңдар» деген ғой Жанар ханым. Кеше айттым, арыз түсіріп келді. Экспертизадан өтіп жатыр. Бет-аузы ісіп, көзі қанталап кеткен, қан қысымы көтерілген. Тамағы ауырады, жұтынуы қиын, аяғы ақсап тұр. «Біраз демалыңыз» дегем, қазір ем алып жатыр», — дейді Айгүл Орынбек.

Түркістан облысындағы Фирдауси ауылындағы оқушы қыздар. © youtube/Azattyq TV

Бізде хиджапқа қатысты заң қабылдайтын уақыт келді

«Бізде заң қабылдайтын уақыт келді. Көрші мемлекеттер Өзбекстан керемет заң шығарды. Қырғызыстан да сол заңды қарастырып жатыр. Елімздің қауіпсіздігін, тұрақтылығын сақтау үшін шұғыл түрде заң қабылдауымыз керек», — дейді заңгер Айгүл Орынбек.

Жас Алаш тілшісі бұл оқиға бойынша зардап шегуші мектеп директоры Жанар Сапарқызына да хабарласты. Ол қазір ем алып жатқанын айтты.

«Қазір эксперитазадан өттім. Арыз түсірдім. Құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр. Екі сақалды жігіт маған жұмыстан кет деп қана айтты. Шынын айтқанда мұның бәрін есіме түсіргім келмейді. Ауыр маған», — деген мектеп директоры сөзін қысқа қайырды.