БИЫЛ ШЫМКЕНТТЕ 24 МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

1122

«2025 жылға дейін республикада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 1000 мектеп салынбақ. Ал, Шымкент қаласында осы тапсырма негізінде 2025 жылға дейін 86 079 орынға арналған 101 мектеп бой көтермек. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтенов хабарлады.

Шымкентте білім сапасын арттырып, апаттық мектептерді жою және 3 ауысымдық мектептерді азайтуға бағытталған кешенді жұмыстың бүгінде 50 пайызға жуығы орындалып үлгерген.

— 2021 жылы 11 764 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде, өткен оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен шешіліп, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеген болатын. Ал, биыл 34 мектептің құрылыс жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 11 703 орындық 24 мектептің құрылысы 2022 жылы басталса, 10 нысанның құрылысы 2021 жылдан өтпелі. Жаңа білім ордаларының есебінен үш ауысымды мектептер санын 9-дан 5-ке төмендету көзделіп отыр, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Білім саласындағы күрделі мәселелердің бірі бұл – үш ауысымда білім беретін мектеп мәселесі. Қала әкімі брифинг барысынд абұл жөнінде де кеңінен айтып өтті. Брифингте, сондай-ақ, үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесі 2023 жылы, ал орын тапшылығын 2025 жылға дейін толығымен шешілетіні айтылды.

— Биылдан бастап 103 мың бастауыш сынып оқушысы бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, Шымкентте 500 орындық заманауи Оқушылар сарайының құрылысы жүріп жатыр, — деді Мұрат Әйтенов.

Жарқын болашақ үшін білім ошақтарын жоғары дәрежеде жабдықтау мен жағдай жасау басты міндетіміз екені белгілі. Осы орайда биыл  Шымкентте Балалар жылына орай атқарылатын жұмыстар мен іс-шаралар кешені түзіліп, 84 бағыт бойынша жүргізілмек. Оған бюджеттен 44, 6 миллиард теңге қаралған.