Қазақстанда соңғы 8 жылда жалғызбасты әкелердің қатары көбейген. Бұл туралы “Қазақпарат” “Келешек” психологиялық орталығының директоры Наталья Семененкоға сілтеме жасап хабарлады.
Статистикалық мәлімет бойынша 2010 жылы бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты әкелер 42 мың болды, бүгінде 60 мың әке балаларын жалғыз өсіріп отыр. Көбіне әйелдер үшін заң мен Қазақстан Республикасының Конституциясы аясында бала тәрбиесіне әке мен ананың бірдей жауапты екені жаңалық болып көрінеді. Балаға азамат ретінде қарап, оның ана мен әкеге бірдей мұқтаж болатынын ұғу қажет, – дейді Наталья Семененко Астанада “Бала аумағы – бақыт аумағы” деген тақырыпта өткен отырыста.
“Қазақстан әйелдері қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің президенті Гүлнәр Байымбетованың мәліметінше, бүгінде тиісті сот шешімінің болғанына қарамастан, ажырасқан ерлердің 30%-ы балаларымен сөйлесу мүмкіндігінен айырылған, сөйтіп сотқа қайта арыздануға мәжбүр. Бұл мәселеде соттар психологты тарта отырып және кәмелетке толмаған балалардың құқығы мен бостандығын ескере отырып шешім шығарады. Дегенмен сарапшылар соңғы кездері Қазақстанда неке бұзылғаннан кейін балалардың кіммен бірге тұратынын және олардың ата-ананың біреуімен қанша уақыт кездесе алатынын анықтау жөніндегі даулар көбейгенін айтып отыр. Ата-ана арасындағы дау психологтардың қорытынды жасауымен шешіледі, себебі психологиялық сараптама жүргізу процедурасын реттейтін құқықтық құжат жоқ, ал психологтардың бәрі бірдей бейіндік білімін жетілдіре бермейді. Әсіресе, бұл мәселе бойынша қажетті ақпарат ала алмайтын ауылдық жерлердегі мамандар мен қарапайым тұрғындар қиналады.
Нәтижесінде қоғамда өткен ғасырда қалыптасқан гендерлік стереотиптер жеңеді де, бала анасымен бірге қалады. Әйелдер сот шешімін бұзып, баланың әкемен кездесу тәртібін өзі белгілейді, балаға әкесімен сөйлесуге жиі тыйым салады, – дейді Наталья Семененко.
Балалар құқығын қорғау мен жанжалдарды азайту мақсатында Қазақстанда мамандар “Ерлі-зайыптының ажырасуы кезінде баланың тұратын жері мен ата-анамен кездесу тәртібін анықтауда балалар мен ата-аналарға әлеуметтік-психологиялық, психологиялық-педагогикалық зерттеулер жүргізу жөніндегі ережені” жасап шығарған.