Басты Қазақстан Жол-патруль полициясы қызметкері тоқтатқан жағдайда нені білу керек?
Көлік жүргізушілерінің көбі “Жол жүрісі туралы” заңды толық білмегендіктен әрекеттерінің құқықтық тұрғыдан қаншалықты дұрыс екені туралы ойлана бермейді. Осыған байланысты жүргізуші құқықтары, жол-патруль полициясы қызметкері жүргізушіні қандай жағдайларда тоқтататыны және полицей тоқтатқан кезде нені білу керек екені жайлы кеңес береміз.
1. Жол-патруль полициясы қызметкері қай жерде тұруы қажет?
Жол-патруль полициясының инспекторы жол қозғалысының қатысушыларына көрінетін аумақта болуы тиіс, яғни қандай да бір кедергілердің ар жағында (ағаштар, ғимараттар және құрылыстар, жарнамалық қалқандар және тағы басқа), сонымен бірге тоқтау мен тұруға тыйым салынған орындарда тұрмауы керек.
Қалада және тасжолда жол-көлік оқиғасын болдырмау үшін радар қолдануға тыйым салынбайды.
2. Полицей қандай жағдайда тоқтатуға құқылы?
-
Жол ережесін бұзсаңыз;
-
Ұрланған немесе қылмыс болған жерден кетіп қалған көлікті іздестіру (рейд жүргізу) кезінде;
-
Стационарлық полиция бекеттерінде құжаттарыңызды тексеру үшін;
-
Мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың қозғалысты шектеу туралы шешімдерін орындау кезінде;
-
Куә болған жол-көлік оқиғаларының, әкімшілік құқықбұзушылықтың, қылмыстың жасалу мән-жайы туралы сізге сауал қою қажеттігі туындағанда;
-
Жол жүрісін реттеу үшін;
-
Көлігіңізді медициналық көмек көрсетуге кетiп бара жатқан медицина қызметкерлерiне беру үшін, жедел медициналық көмекке мұқтаж азаматтарды ауруханаларға жеткізу үшін, терроризмге қарсы операциялар жүргізу кезінде медицина қызметкерлерiне, iшкi iстер органдарының және ұлттық қауiпсiздiк органдарының қызметкерлерiне, жол-көлік оқиғалары кезiнде бүлінген көлiк құралдарын тасымалдау және зілзала болған жерге бару үшiн iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне беру үшін.
3. Полиция қалай тоқтатуы керек?
ЖПП қызметкері қызметтік көлікпен жүрсе, сізді тоқтату үшін дыбысзорайтқышпен көлігіңіздің белгілерін немесе мемлекеттік нөміріңізді атайды. Ал жаяу инспектор сізге таяғының көмегімен қайда тоқтау керек екенін көрсетеді.
Осыдан кейін ЖПП қызметкері өзінің лауазымын, атағын, аты-жөнін және қызмет ететін бөлімшесін, тоқтату себебін айтуы керек. Сізге немесе жолаушыңызға ЖПП қызметкерінің рұқсатынсыз көліктен шығуға болмайды.
4. Өзіңізбен бірге болуы керек құжаттар
Егер сізді ЖПП қызметкері тоқтатса, өзіңізбен бірге мынадай құжаттар болуы керек:
-
жүргізуші куәлігі (жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәлік және жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжат);
-
көлік құралын тіркеу құжаттары;
-
заңнамада белгіленген жағдайларда көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру полисі немесе жолаушылар алдындағы тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру полисі;
-
белгіленген жағдайларда тасымалданатын жүкке жолсапар қағазы және құжаты.
Жол қозғалысы ережелерін бұзу әкімшілік құқықбұзушылық болып саналады. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 890-бабының 1-тармағына сәйкес, егер көрсетілген мерзім ішінде әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы іс бойынша қаулы шығарылмаса, 1 жыл өткеннен кейін адам жауапкершілікке тартылмайды. Ал егер қаулы шығарылса, әкімшілік жазаны (айыппұл) 30 күннен кешіктірмей өтеу қажет.
Жүргізуші іс материалдарымен танысуға, түсініктеме беруге, дәлелдеме ұсынуға, сұранысхат жазуға, өтініш беруге құқылы. Сонымен бірге істі қарауда адвокаттың заңды көмегіне жүгінуге, ана тілінде сөйлеуге және іс жүргізілетін тілді білмеген жағдайда аудармашының қызметін пайдалануға құқы бар.
Ақбота Ерболқызы