Түркістан облысында майнинг құрылғыларына қатысты даулы іс бойынша бес бірдей полицей сотталды. Алқабилер оларды бірқатар баптар бойынша кінәсіз деп танығанымен, кейбір айыптар бойынша жаза тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бес полицейге қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды. Сотталушылардың екеуі — майор мен подполковник шеніндегі қызметкерлер. Сонымен қатар іс фигуранттарының бірі есірткі қылмыстары бойынша “статист” ретінде тіркелген.
Іс материалдарына сәйкес, оқиға осы “статистің” хабарламасынан басталған. Ол екі полицейге “L” маркалы автокөлікте есірткі болуы мүмкін екенін айтқан. Алайда құқық қорғау органдарының өкілдері бұл ақпаратты басшылыққа жеткізбей, көлікті өз бетінше тоқтатып, айыппұл тұрағында тексерген.
Тексеру барысында есірткі табылмаған. Полицейлер көлікті қараусыз қалдырып кеткен. Артынша келген екі адам автокөлікте болған құны 100 миллион теңгеден асатын майнинг құрылғыларын алып кеткен.
Оқиға 2024 жылы болған. Жәбірленуші полицияға арызданғаннан кейін іс сотқа жолданған. Тергеу барысында екі полицей мен олардың сыбайласына ақша бопсалау бабы бойынша айып тағылды. Ал майор мен подполковникке қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану дерегі бойынша іс қозғалды. Прокурор соттан әрқайсысына 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.
Алайда алқабилер сотталушыларды ақша бопсалау бабы бойынша кінәсіз деп таныды. Соған қарамастан, олардың әрқайсысы 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал майнинг құрылғыларын ұрлады деп айыпталған екі адамға қатысты жаза жеңілдетіліп, бірі 4 жыл 9 айға, екіншісі 4 жылға сотталды.
Сотталғандар жәбірленушіге келтірілген 101 миллион теңгеге жуық шығынның 67 миллион теңгесін өтеген. Сонымен қатар бас бостандығынан айырылған полицейлер арнайы шендерінен айырылып, өмір бойына құқық қорғау органдарында қызмет ету құқығынан айырылды.















