Даулы матчтан кейін қазақстандық екі төреші жарыстан шеттетілді

13

Қазақстан Премьер лигасының төртінші турында “Атырау” және “Ордабасы” матчтарынан кейін қазақстандық екі төреші қызметтерінен уақытша шеттетілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстан футбол федерациясы “Ордабасы» және «Атырау» матчында бас төреші болған Санжар Ысқақов пен VAR төрешісі болып қызмет атқарған Татьяна Сорокопудованы жұмыстарынан уақытша шеттетті.

Бұл шешім Қазақстан Премьер-лигасының соңғы турында жіберілген бірқатар өрескел әрі маңызды қателерге байланысты қабылданды. Аталған қателер матч нәтижесіне әсер етті.

Олардың алдағы мәртебесіне қатысты түпкілікті шешім ҚФФ-ның құзыретті органдары тарапынан жан-жақты тексеріс жүргізілгеннен кейін қабылданады.

Айта кетейік, қостанайлық төреші Санжар Ысқақов қызмет еткен матч үлкен даумен аяқталды. «Атырау» 1:0 есебімен алда келе жатқан сәтте қонақтардың голы есепке алынбай қалды. Осыдан кейін ойын барысы өзгеріп, көп ұзамай «Ордабасы» пайдасына пенальти белгіленді. Нүктеге келген Эльхан Астанов пенальтиді сәтті орындады.

Осылайша, ҚФФ-ның ресми талдауы «Ордабасы» – «Атырау» матчындағы бірқатар негізгі төрешілік шешімдердің қате болғанын ресми түрде растады.