ШЕТ МЕМЛЕКЕТТЕРДЕ ДІНИ БІЛІМ АЛУДЫҢ ҚАУІПТІЛІГІ

570

Әрбір мемлекеттің діни білім беру жүйесінің қалыптасуындағы басымдықтарды бірінші кезекте мемлекет құрушы ұлттың діни қатыстылығы айқындайтыны белгілі. Мұсылман қазақ ұлтының отаны – Қазақстандағы діни білім беру жүйесі соңғы жүзжылдықтарға дейін бірыңғай ислами арнада дамыды.

Қазіргі жастардың шетелде білім алып, болашағына сеніммен қарап, Отанына керекті маман боламын деген ұмтылыстары діни оқу орындарынан бөлек құптарлық іс. Өкінішке орай, Таяу Шығыс елдерінде соңғы жылдардағы әртүрлі діни ағымдардың белсенділігінің артуы мен дінаралық қақтығыстардың белең алуы, террористік ұйымдардың ашық әрекет етуі себебінен қоғамдық-саяси және діни ахуал күрделеніп кетті. Бұған қоса, қазіргі таңда түрлі сипаттардағы кереғар діни ағымдардың қызметі ашық жүргізіліп, олар басқа елден білім алу мақсатымен келген шетел азаматтары арқылы өз қатарын толықтыруды көздейді. Сондықтан, ел азаматтары өздерінің болашақ білім алатын елін таңдау барысында сол мемлекеттің қоғамдық-саяси және діни ахуалы туралы ой түйіп, оның мәзһабы мен сенім мектептері, тарихы, мәдениеті жайлы ақпараттары болғаны дұрыс.

Қазақстандағы дәстүрлі ислами білім беру жүйесінің ерте орта ғасырлардан басталған тарихы мен тәжірибесі бар. Ең алғашқы ислами орта оқу орындар Түркістан өлкесінде пайда болғаны тарихтан белгілі.

Орта ғасырларда бірыңғай рухани мәдени кеңістікте өмір сүрген Орталық Азияда медреселер жүйесі дәстүрлі ханафи мәзһабы мен матуриди сенімі негізінде ерекше қарқынмен дамыды. Медреселер көбіне мешіттердің жанынан салынды. Бұхара, Самарқанд жерінде басталған медресе дәстүрі Баласағұн, Түркістан, Отырар, Сайрам, Сауран, Сығанақ, Өзкент секілді Ұлы Жібек жолының бойында жатқан ірі мәдени орталықтарда жалғасын тапты.

Тәуелсіздігімізді алып, зайырлы демократиялық ел болып орнығып дін саласын реттейдін заң қабылданды. 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы»  заңы елеулі өзгеріс әкелді.  Аталған заңның 13-бабының 3-тармағына сәйкес діни білім беру ұйымдарын тек республикалық діни бірлестіктер мен өңірлік діни бірлестіктер ғана құра алатын болды. Елімізде «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігіне (ҚМДБ) қарасты 9 медресе, Египет Араб Республикасы мен Қазақстан Республикасының үкіметтері арасындағы келісімге сай құрылған «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті жұмыс жасайды. Діни оқу орындары шәкірттерді тәрбиелеп шығарып, елге қызмет етуін, исламдық білім беру жүйесінің жолға қойылуында ҚМДБ шешуші роль атқаруда.

Қазақстандағы білім беру саласында тәуелсіздіктен кейін қарқын алған жағымды әрі қажетті үрдістердің бірі дінтану, исламтану, теология мамандарын даярлау болып табылады. Еліміздегі Л.Н Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогиқалық университеттері «дінтанушы», «теология», «тарих және дінтану» бакалавр және магистр мамандықтары бойынша мамандар дайындайды. Отандық жоғарғы оқу орындарын тәмамдаған дінтанушы, теологтар діни оқу орындары мен мемлекеттік қызметке араласып, игі нәтижелерді көрсетіп келеді.

Тағы бір айта кететін жәйт, мектеп қабырғасында «зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің оқытылу аясын кеңейту еліміздегі қазіргі діни ахуал және конфессиялық кеңістіктің алуан түрлілігі жағдайында да өте маңызды. Орта мектепте дінтану бағытында жүйелі әрі сапалы білімнің берілуі болашақта еліміздің ішкі тұрақтылығына септігін тигізетіні сөзсіз.

 

Шымкент қаласы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Асыл мұра» қоғамдық бірлестігі әзірлеген