Сталиннің қылмысын жасыру – қазаққа жасалған қиянат

984
Алматыдағы Цезарь кинотеатры белгілі журналист Жанболат Мамайдың Сталин қылмыстары: Ұлт зиялылары қалай жойылды” деп аталатын деректі фильмін көрсетуден бас тартты. Бұл туралы журналист әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Жанболаттың айтуынша, 18-қыркүйек күні “Цезарь” кинотеатрының директоры хабарласып, аталған фильмнің көрсетілімі болмайтынын айтқан. Себебі, ол күні жоспарланған басқа шаралардың болуына байланысты кинотеатр бос емес. Алайда, Жанболат мырза осы уақытқа дейін “Цезарь” кинотеатрындағы Олег Борецкийдің киноклубында фильмнің көрсетілімін жасау туралы Борецкийдің өзімен келісім жасаған. Бірақ, көрсетілімге аз күн қалғанда Олег Борецкий де келісімнен бас тартқан.
Жанболат Мамай мұны — тарихи әділеттің салтанат құруына бөгет жасайтын жоғары лауазымды шенділердің шешімі деп санайды. Тағы бір себебі – көрсетілімге 300 адам емес, мыңдаған адам келуі мүмкін. Себебі, осы уақытқа дейін шыққан “Зұлмат. Қазақстандағы геноцид” деп аталатын фильм аншлагпен өткен. Бұл да солай тарихи шындыққа деген қоғамдық резонанс  туғызуы мүмкін. Осындай жағдайлардан сескенетіндер бар дейді.
Оның айтуынша, көрсетілімнен бас тартудың тағы бір себебі – Қазақстан билігінің Кремльдің көзқарасына алаңдауынан деп те болжауға болады. Себебі, Жанболаттың осы жылдың басында көрсетілген “Зұлмат. Қазақстандағы геноцид” деп аталатын деректі туындысына қатысты Ресей Сыртқы Істер Министрлігі ресми мәлімдеме жасаған. Онда, “КСРО халықтарына ортақ трагедияны — халықтың жекелеген топтарын нәсілдік, ұлттық немесе діни себептермен қасақана«жойып жіберді»деп санау —  әдейі арандату болып табылады. Бұл — орыс тілді халық саны көп достастық елдерде антиресейлік пікірлер мен этникалық араздықты қоздыруға бағытталған әрекет” деген.
Жанболаттың пікірінше, билік бұл әрекет арқылы өз тарихына құрметсіздік танытып отыр. Олар кеңестік кезеңнін қылмыстарын ашуды және олардың қазақ халқына жасаған зұлымдықтарына әділетті баға беруді қаламайды.
Жанболат Мамай, журналист, “Сталин қылмыстары: Ұлт зиялылары қалай жойылды” деректі фильмінің авторы: 
-Біз бұл көзқараспен келіспейміз. Себебі, қоғам тарихи шындықты білуге құқылы. Сондықтан «Сталиннің қылмыстары: Ұлт зиялылары қалай жойылды?» деген фильмдер әділеттіліктің салтанат құруы үшін өте қажет. Сонымен қатар, коммунистік режимнің қылмыстары туралы шындықты ашатын зерттеушілерді қолдау керек. Бүкіл тарихи институттар бірқатар посткеңестік елдердегідей үлкен және маңызды тарихи жобалармен жұмыс істеуі керек. Сондықтан біз бұл деректі фильмді еліміздің ең ірі кинотеатрларында көрсетілуін талап етеміз! Әйтпесе, бұл фильмге тиым салған шенеуніктерді ұлтының тарихынан ажырап қалған, сталинизмнің репрессиялық саясатын жалғастырған серіктері деп атауға болады. Біз бұл әрекетті осылай түсінеміз,- дейді ол.
Иә, тәуелсіздік алғанына отыз жылға жуықтаса да, қазақ қоғамы кеңестік империяның қазақ халқына жасаған озбырлығына әлі де тарихи баға бере алмай келе жатқаны рас. Оған себеп – Жанболат мырза атап өткендей Қазақстан билігінің әлі де КСРО-ның мұрагері Мәскеудің қас-қабағына қарап, жалтақтауынан болса керек.
Ал 19-қыркүйек күні Францияның Страсбург қаласында өткен отырыста Еуропалық парламент «сталинизм, нацизм және басқа да тоталитарлық және авторитарлық режимдерді» айыптайтын қарарды мақұлдады. Және Ресейді Кеңес өкіметі жасаған қылмыстарды ақтамауға шақырды. Сонымен қатар, олар Мәскеуді кеңестік режим жасаған қылмыстардың фактілерін жасырғаны үшін айыптайды.
Аталған ұсынысты 535 депутат қолдаса,  66-сы қарсы дауыс берген. Ал 52 депутат  қалыс қалған.
DW.com сайтының жазуынша, Парламентарийлер «Ресейдің қазіргі басшылығының кеңестік тоталитарлық режим жасаған қылмыстық фактілерді жасырғанына» алаңдаушылық білдіреді. Олар бұл тенденцияны «демократиялық Еуропаға қарсы жүргізіліп жатқан ақпараттық соғыстың қауіпті құрамдас бөлігі» деп санайды. Сонымен қатар, олар Ресейді «тарихи фактілерді бұрмалайды және тоталитаризмге тән үгіт-насихаттың символикасы мен риторикасын қолданады» дейді.
Және, Еуропалық парламент аталған қарарда 25 мамырды халықаралық Тоталитаризмге қарсы күрес күні ретінде атап өтуді ұсынған. Себебі дәл осы күні Польшадағы коммунистердің қылмыстары туралы материалдар жинап, астыртын ұйым құрған Витольд Пилечки өлтірілген.
Түйін. Халық өз тарихына қатысты әділ, шынайы деректі білуге құқылы. Себебі, бұл халықтың тарихы. Ал, тарихты бір адамның немесе жекелеген топтардың көңіл-күйіне қарап өзгертуге немесе ондағы ақиқатты тұншықтыруға болмайды. Ал Сталиннің және оның қолшоқпарларының қазақ халқына жасаған қылмыстарын жасыру – халыққа жасалған қиянат деп білеміз.
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz