Шымкенттік полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсетуде

748

Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы инспекторларының ең негізгі қызметі – тұрмыстық жағдайда әйелдерге зорлық-зомбылық жасаудың алдын алу, оларды болдырмау, болған жағдайда сол құқық бұзушылықтың анық-қанығына жетіп, тиісті шараларды қолдану.

Осы орайда Шымкент қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және отбасының қоғамдағы рөлін нығайту бойынша ұдайы түрде іс-шаралар ұйымдастырып, жұмыс атқарады.
Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.
«Отбасы — бұл қоғамның бір бөлшегі. Қоғам дамуы оның өміршеңдігіне, әл-ауқаты мен оның дұрыс қалыптасуына байланысты. Халықты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы зорлық-зомбылық деректері туралы уақтылы хабарлауға және басқа адамдардың мәселесіне немқұрайлы қарамауға шақырамын», – дейді Абай ПБ ЖПҚБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы полиция майоры Гүлвира Бектемисова.
Отбасындағы өзара келіспеушіліктер көбінесе ауыр салдарға әкеп соғады және одан көп жағдайда нәзік жандылар зардап шегеді. Өмірдің сынағымен бетпе-бет келген әйелдермен жұмыс істейтін ӘЗЗҚТ-ның инспекторлары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әлеуметтік жағдайдың төмендігі себеп болатынын атап өтті.